Төрт жыл бұрын Алматы маңында құлаған Ан-28 ұшағының сараптама нәтижесі жарияланды. Сот шешімі бойынша East Wing әуекомпаниясының директоры Виталий Масалитин кінәсіз деп танылды. Құжатта ұшақтың кабинасының шамдарына зақым келгені жазылған. Оң жақтағы алдыңғы және бүйір терезенің жақтауы қираған. Бұлар әуе кемесі құлағанға дейін белгісіз, қатты заттың әсерінен пайда болған. Оның салмағы шамамен 1 келіден асады. Әйнектердің тесілуі салдарынан жылдамдығы сағатына 289 шақырымдық ауа екпіні ішке кірген. Қатты соққан желден ұшқыштар есеңгіреп, тізгінді уысынан шығарып алған болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, 2017 жылы 3 қазанда Ан-28 ұшағы аэродромнан 28 шақырым жерде радардан жоғалып кеткен болатын. Кейін ұшақтың құлағаны белгілі болды. Апат салдарынан экипаж мүшелері мен жолаушыларды қосқанда, барлығы бес адам қаза болған еді.