Шығыс Қазақстанда қоңырау сияқты сыңғырлап түрлі дыбыс шығаратын тастар бар
Қоңырау сияқты сыңғырлап түрлі дыбыс шығаратын тастар жайлы естіп пе едіңіз? Мұндай ерекше құбылысты Шығыс Қазақстандағы Абай ауданынан көруге болады. Шығыстау бөктерінде орналасқан таудағы тастарды соқсаңыз, сыңғырлаған сиқырлы үн әуелеп қоя береді. Таудағы таңғажайыпқа куә болған тілшіміз Ержан жақыптың репортажы.
Жергілікті жұрт «қоңырау тас»- деп атап кеткен ерекше тау Кеңгірбай би ауылы маңындағы Жиренше қыстауында. Тасты ұрып көрсеңіз әдеттегідей емес, металды соққандай сыңғырлаған үн шығарады. Қыстағының жанында орналасқандықтан табиғаттың осы бір құбылысын көргісі келгендерге Асқар Жарасбаев бірнеше жылдан бері жол көрсетіп жүр.
Асқар Жарасбаев, Кеңгірбай би ауылының тұрғыны:
Балаларым ойнап жүріп, қой бағып жүріп, осы қоңырау тасты тауыпты. Қазір жан-жақтан, Семейден, Алматыдан да келіп көріп кетіп жатқан азаматтар бар.
Қоңырау тастар жайлы өңірде ертеден бірең-сараң адам ғана білген. Кейінгі кезде алыстан арнайы келіп көретіндер көбейіпті. Мамандар тастардың осылайша дыбыс шығаруы оның құрамының ерекшелігінде дегенді айтады. Мұндай жердің барын естіген Семейлік өлкетанушылар да қызығушылық танытып, арнайы экскедиция ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Қайрат Сабырбаев, Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
Бұл енді сирек кездесетін құбылыс. Біз өзіміз өлкетанушы ретінде жоспарға алып отырмын. Бірінші барып көру. Керек болса сол жергілікті әкімдіктің келісімімен қоңырау тастың біреуін музейдің ауласына неге әкеліп қоймасқа.
Ерекше үн шығаратын тастар табиғатта өте сирек кездеседі. Мұндай орындардың бірі АҚШ-тың Пенсельвания шататындағы табиғи паркте бар көрінеді. Қорғауға алынған ол жерге қоңырау тастарды көру үшін жылына мыңдаған турист арнайы барады. Енді Абай жеріндегі табиғаттың сыйын тамашалауға баратын туристер тіптен көбейетін сыңайлы.
Ержан Жақып
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
