Атыраудың Батыс Қазақстанмен шекараласатын аумағынан ірі көлемде қарасора плантациясы анықталды. Құзырлы орган өкілдерімен жүргізілген рейд кезінде 507 түп есірткі өсімдігі тәркіленіп, сол жерде өртелді. Қылмыстық әрекетке барғандар марихуананы кептіріп, қапшықтарға сақтаған. Бұған дейін үш плантацияда 31 адам 4 тоннадан астам қарасораны тасымалдау кезінде ұсталған еді. Оның 17-сі шетел азаматы.
Мейірім Ердәулет, Облыстық ПД баспасөз қызметі бөлімінің жетекшісі:
Есірткі өнімдерін немесе тиым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіруге қатысты Қылмыстық кодекстің 300-бабының 2-бөлігімен тергеу амалдары жүргізілуде.
Ал, Ақмола облысында ірі көлемде есірткі сақтаған 43 жасар жұмыссыз азамат ұсталды. Күдікті арнайы операция кезінде анықталып, қолға түсті. Оның жалдамалы пәтерін тінту кезінде шамамен 215 грамм «гашиш» тәркіленді. Тергеу басталды. Жалпы Ақмола облысында биыл 17 келі «гашиш» тәркіленген.