Елімізде баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке алудың бірыңғай ережесі бекітіледі. Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасы қазір дайын. Бұған қоса, тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталаған мемлекеттік қолдау тетіктері де кеңейтіледі. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Президент Жолдауын іске асыру шараларына арналған брифингте мәлімдеді. Сонымен қатар, зейнетақы қорындағы жеткіліктілік шегінен асатын жинақты «Отбасы банкіне» депозитке аударудың нормативтік базасы әзірленіп жатыр.
Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:Президент сатып алу құқығынсыз жалға берілетін пәтерлерді ұсынудың жаңа тетіктерін енгізуді тапсырды. Біздің ұсынысымыз мынандай: жеке меншік құрылыс компаниялары баспананы өз қаржыларына салады. Нарықтық жағдайда жалға беру құнын белгілейді. Ал мемлекет жалға алу құнының ставкасын субсидиялайды.
Роман Скляр 2025 жылы Қазақстан халқы 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылатындығын да айтты. Президент тапсырмасына сәйкес, 2 мыңға жуық елді мекенде орталықтандырылған сумен қамту және тазарту жүйелері салынады. Бұл ауылдарда 1 млн-нан астам халық тұрады. Сонымен қатар, жайылымдардың өнімділігін арттырудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Сумен қамтамасыз ету және оны үнемдеу мақсатында 120 магистралды каналдар қайта құрылады. Алты аймақта 9 су қоймасы салынады.
Дарын Сағитов