Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ радиосының» студиясы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ радиосының» студиясы ашылды

30.09.2021

Қазақ радиосының 100 жылдығы қарсаңында Еуразия ұлттық университетінде «Қазақ радиосының» студиясы ашылды.

Биыл университеттің де ашылғанына 25 жыл. Оған қоса ертең «Радио» қызметкерлерінің күні. Осындай бірнеше мерекенің қарсаңында тұсауы кесіліген жаңа студия жастарға зор мүмкіндік болмақ. Мұнда қажетті қондырғылардың бәрі бар. Бүгін алғашқы сұхбат та жүргізілді. Енді осындағы журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер ұстаздарымен бірлесе отырып, түрлі бағдарламалар әзірлей алады. Тіптен бірден тікелей эфирге шығуына да мүмкіндік бар. Мерейтой қарсаңында өткен игі шараға министрлік өкілдерімен қатар ақпарат саласының мамандары, ардагерлер, ғалымдар мен зиялы қауым қатысты.

Қайрат Сақ, ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы профессор:
Енді тікелей эфирге шығып өздерінің бағдарламаларын тыңдатуға мүмкіндік алып жатырмыз. Бұл мықты мамандар даярлауға жасалып жатқан үлкен жұмыстарымыздың нәтижесі.
Күләш Молдахметова, Қазақ радиосының ардагері:
Жастарымызға үлкен бір жол ашатын, әсер қалдыратын үлкен студия екен. Көріп қуанып жатырмыз. Жастарымыздың жұмысы әрі қарай жалғаса берсін. Қазақ үні әр шаңырақта шалқысын.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу