Нұр-Сұлтанда жантүршігерлік жол апатынан 5 адам мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда жантүршігерлік жол апатынан 5 адам мерт болды

30.09.2021

Нұр-Сұлтанда жантүршігерлік жол апаты 5 адамның өмірін жалмады. Оқыс оқиға бүгін түнде болған. Тағы бір жолаушы ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Толығырақ тікелей байланысқа шыққан тілшімізден сұрап білейік. Қайырлы күн Досжан. Апат қалай болған?

Досжан Маратұлы, тілші:

Жол апаты міне мына артымдағы көпірде болған. Осы жолмен бері қарай келе жатқан Тайота камри автокөлігі жоғары жылдамдықпен қарсы бетке шығып кетіп, Nexıa Ravon көлігімен соқтығысқан. Соққының қатты болғаны сонша көліктердің сау тамтығы қалмаған. Өкініштісі сол жантүршігерлік жол апатынан 5 адам қаза тауып, 1-еуі жарақат алды. Куәгерлер түсірген видеоны назарларыңызға ұсынамыз.

Белгілісі, қарсы бетке шыққан тойота тізгінінде 19 жастағы, ал нексияда 28 жастағы жүргізуші болған. Екеуі және үш жолаушы көз жұмып отыр. Тек бір адам тірі қалып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша ол 18 жастағы қыз. Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығында омыртқасына шұғыл ота жасалған. Жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.

Досжан Маратұлы, тілші:

Ал полицейлер осы жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын жеткізді. Тиісті сараптамалар да тағайындалған. Сондай-ақ полицейлер жүргізушілерге жол жүру ережелерін қатаң сақтап, жолда абай болуға шақырды. Өйткені күн суығалы жол апаты көбейген. Елорданың өзінде бір тәулікте 90-нан астам көлік апаты болған. Оның үстіне бас қалада таңертең қар ұшқындады. Арты жауынға ұласты. Мұның арты әрине көктайғақ болуы мүмкін. Сондықтан тиісті органдар жолаушыларға жолда өте сақ болуды ескертеді. Армангүл әзірге менде бар ақпарат осы.


Хабарламаларға жазылу