Қарағанды облысының Сарышаған кентінде көпқабатты үйдің қабырғасы қақырап тұр. Бірер күн бұрын ғана мамандар келіп, үйге техникалық сараптама жасаған. Әзірге нәтижесі шыққан жоқ. Егер апатты деп танылса, 60 отбасы баспанасыз қалуы мүмкін. Облыс орталығынан 600 шақырым шалғай жатқан елдімекенге тілшіміз Руслан Нұрланұлы арнайы барды.
Руслан Нұрланұлы, тілші:Бұл Сарышаған кентіндегі апатты үйдің шатыры. Жылдан-жылға қабырғалары қақырап, жарықтары үлкейіп бара жатыр. Мәселен шатырындағы жарықтың мінекей тереңдігі 40 сантиметрдей болады. Тұрғындар үреймен тұруға мәжбүр.
Үйдің ішкі жағдайы да мәз емес. Бесінші қабатта тұратын Нұржахан Тұрғынбаеваның пәтерінің төбесі, қабырғалары түгел жарылып кеткен. Жаңбыр жауса төбеден су саулайды. Ал қыста ызғырық жел соғып, бүрсеңдеп шығады.
Нұржахан Тұрғынбаева, Сарышаған кентінің тұрғыны:Жаңбырлы күні енді біз әр жерден терезелерді қуалап, жауындар кіреді. Ашық-тесік қой. Трәпкілерді алып сүртіп, сығып аламыз. Бүкіл жылу шығып кетеді. Қыстай 100 пайыз төлеп отырамын. 50 пайыз емес мысалы менікі төлейтінім.
Бұл үйде 60 отбасы тұрып жатыр. Ғимараттың шатыры мен қабырғаларында 2006 жылы алғаш жарықтар пайда болған. Сол кезде мамандар тексеріп, оны күрделі жөндеуге келеді деп қорытынды шығарған. Сөйтіп бес қабатты үйді түгел айналдыра темір құрсаулармен бекітіп беріпті. Алайда жыл өткен сайын жарықтардың арасы ашылып, қабырғасы қақырап барады. Сол себепті тұрғындар жаңадан үй салып бергенін қалайды.
Гүлфаризат Түсіпбекова, Сарышаған кентінің тұрғыны:Біз жаңа үй талап етеміз. Біз басымызға қауіпсіздікті талап етеміз. Қайда барамыз. Мынау болса қара суық, қыс келе жатыр бүгін, ертең. Әкімшілік бізге арендный үй ұсынып жатыр, оған қайда барамыз? Өздеріңіз көргендей бізде жоқ ондай үй. Болмаса интернатқа дейді. Интернаттың қай жерінде тұрамыз біз?
Жақында үйге мамандар техникалық сараптама жүргізген. Оның қорытындысы он күнде дайын болады.
Әнуар Тойымбеков,Сарышаған кентінің әкімі:Қорытындысын шығарғаннан кейін бұл жердің қалай болатыны сол кезде белгілі болады. Үйді бұзады, немесе күрделі жөндеу жасайды. Оны сарапшылар айтады. Бұл жерде бір шешімі үй салу. Үйді салып беруге, бұл жерде Сарышаған кентінде ол өте қиын. Бұл кісілер егер мына үйді аварейный десе, онда сол шешіммен үй кезегіне тұруға болады.
Алайда тұрғындар кезекке тұрғанымен, Сарышағанда салынып жатқан үй жоқ. Тек 2023 жылы ғана екі қабатты тұрғын үй бой көтереді. Оның өзі әуелі бұрын кезекте тұрғандарға беріледі.
Руслан Нұрланұлы