Базарлар делдалдардан тазартылмай баға арзандамайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Базарлар делдалдардан тазартылмай баға арзандамайды

24.09.2021

Базарлар делдалдардан тазартылмайынша, азықтың бағасы арзандамайды. Шаруаларды шаршатқан жайт осы. Тіпті, «азық-түлік белдеуі» бағдарламасы аясында да Елорда халқы қолжетімді тауармен қамтылып отырған жоқ.

Өнім-өзіңдікі, бірақ, бағаны басқа қояды. Болат Жоланов осыған амалсыз көндіккен. Себебі, еккен қиярын өткізерде сауда нүктелерінің маңына жолатпайды. «Жергілікті өнім – қолжетімді баға» деген тек жел сөз,-дейді. Ақыры көкөністен көрік кетпес үшін делдалдарға жүгінесің.

Болатбек Жоланов, жылыжай кешенінің директоры:
Біз бұл өнімді базарларға тікелей сата алмаймыз. Сата алмайсың. Ол облыстан келген тауарлар болса да әкелген тауарларын шірітіп алып қайтады. Ал, мұны барасың да 100 шақты делдал бар. Сол делдалдар өзі баға қояды. Сенен 100 теңгеден алса 250-300 теңгеден олар әрі қарай өткізеді.

Иә, өнімдер базарлар мен сауда орындарына үздіксіз келіп тұр. «Азық-түлік белдеуі» бағдарламасына сай Ақмола мен Қарағанды облыстарындағы бірнеше ауданнан тауар жөнелтіледі. Биыл 91 мың тоннадай сүт, 19 мың тонна ет және 180 млн дана жұмыртқа жеткізілген. Көкөністерді қоспағанда. Жалпы 130 ауылшаруашылығы мен өңдеу кәсіпорыны осы бағытта жұмыс істейді. 2025 жылға дейін жасақталған жол картасы да бар. 48 ірі жоба ашылмақ.

Қасым Итқұсов, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Бұл жобалардың инвестициялық құны 263 млрд тг. Толық жүзеге асқаннан кейін сүт өндірісін 43 мың тоннаға, ал, етті 52 мың тоннадан асыру жоспарланған. Көкөніс түрлерінің өнімі де көбейтіледі.

Тек өнім түрлері егіс пен өрістен сөреге тіке түспейді. Ортада пысықтар отыр. Ал, негізі көтерме сауда орталықтарын ашып, шаруалармен тікелей алыс-беріс керек.

Ермек Әбуов, «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» басқарма төрағасының орынбасары:
Азық-түлік белдеуі жақсылап жұмыс істейді деп. Қоймалар салынып жатыр деп, олар қайда?Нұр-Сұлтан қаласында, қаланың маңайында қайта өңдеу кәсіпорындарын құру керек, жандандыру керек. Шаруалар өндіріп жатыр ғой, осы жерде өңдеп, сауда орындарына тарату керек.

Белдеу бар, енді соның берекесін кіргізу керек. Жылыжай иесі Болатбек Жоланов еккенін еркін өткізгісі келеді. Сонда ғана жергілікті өнімнен жергілікті баға қалыптаспақ.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу