Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйледі

23.09.2021

Пандемияны жеңу үшін вакцинаға жаһандық қолжетімділікті арттыру керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 76-шы сессиясы аясында «Пандемияны тоқтатып, қайта жаңғыруды жақсарту» деп аталатын Жаһандық саммитте осылай деді. Жиында Президенттің арнайы бейнеүндеуі көрсетілді. Онда Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы онжылдықта денсаулық сақтау саласы бұрын-соңды болмаған ғаламдық дағдарысқа ұшырағанын айтты. «Соның салдарынан туындаған экономикалық қиындықтар әлеуметтік теңсіздікті одан сайын арттырып, халықаралық қоғамдастықтың шарасыздығын көрсетті. Індетті әлем елдері жұмыла еңсеруі керек», - деді Президент. Сондықтан жаһандық туризм мен бизнеске көмектесу үшін вакцина сертификаттарын өзара мойындау бағытында жұмыс істеу маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан екпе әзірлеген санаулы елдің бірі екенін айта келе, QazVac коронавирустың кез келген штамына төтеп беретінін жеткізді. Қазір ел азаматтарының 31 пайызы вакцина алған. Енді екпе өндірген елдер гуманитарлық көмек жеткізіп, өзгелерге қол ұшын созуы тиіс. «Бұл вакцинаға қол жетімділікті арттырады», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қалыптасқан жағдай жан-жақты әрі нақты шаралар қабылдауды талап етеді. Біздің басты міндетіміз – шұғыл түрде вакцинаға жаһандық қолжетімділікті арттыру болуы керек деп ойлаймын. Бұл ғаламдық этика мен бірліктің мәселесі. Өйткені вакциналарға қол жеткізудегі әділетсіздік халықтың денсаулығына нұқсан келтіріп қана қоймай, қоғамдағы алшақтықты одан әрі ұлғайта бермек. Біз вакциналардың екі миллиардтан астам дозасымен қамтамасыз етуге және денсаулыққа төнген жаһандық қатерлерден ұжымдық қорғанысты жақсартуға бағытталған жан-жақты күш жұмылдыруды құптаймыз. Дүниежүзілік «ұжымдық иммунитетке» үлес қоса отырып, Қазақстан QazVac вакцинасын жасау арқылы екпе ойлап тапқан әлемдегі алғашқы он елдің қатарына енді.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу