Талдықорғанда қылқалам шеберлерінің көрме-байқауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда қылқалам шеберлерінің көрме-байқауы өтті

21.09.2021

Талдықорғанда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Тіл және тәуелсіздік» атты қылқалам шеберлерінің республикалық көрме-байқауы өз мәресіне жетті. Алматы облыстық тілдерді дамыту жөнінденгі басқармасы ұйымдастырған шараға 150-ге жуық суретші қатысып, ақтық сынға 50-ден астам туынды іріктеліп ,үздік картина иелері марапатталды.

Үздік туындылар көрмесі ашық аспан астында ұйымдастырылды. Әр түрлі жанр, алуан түрлі бояу. Бірақ тақырып ортақ. Суретшілер қиялдарына ерік беріп, қылқалам арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін айшықтауға тырысты. Байқауда суретші Марат Әбдіреевтің «бабалар арманы» картинасы ең үздік деп танылды.

Марат Әбдіреев, байқау жеңімпазы:
Мына бүркіт өзіміздің байрақтағы символымыз. Сол бүркіттің қанатының астында қазіргі өмірімізді бейнелейін дегем.

Байқаудан кейін тіл жанашырлары, ғалымдар «Тіл - ең асыл құндылық» атты дөңгелек үстелде бас қосты. Мемлекеттік тіл төңірегінде қордаланған мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын ортаға салды.

Оразгүл Асанғазы, Мемлекет және қоғам қайраткері:
Егер біздің экономикамыз дамысын десе, әлеуметтік жағдайымыз, саяси біз мықты, рухты боламыз десек, біз тілімізді қолданысқа еңгізуіміз керек. Ал енді қазақ тілі бұл кедей тіл емес.

Елімізде 5 облыста тілдерді дамыту жөніндегі басқарма жұмыс істесе солардың бірі Алматы облысында. Мұнан бөлек 20 аудан-қалада тіл орталықтары халыққа бар. Республикалық деңгейдегі шара өңірдегі тіл саясатын дамытуға серпін бермек.

Болатбек Керімбек,  Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы:
Бұл дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты тіл мәселесін талқылау ғана емес, осы жиын соңында қарар қабылдап, тиісті орындарға осы тіл жанашырларының ұсынысын жолдау.

Фестиваль «тіл және тәрбие» атты тәлім-сабаққа ұласты. Бұл жиында тіл жанашырлары мемлекеттік қызметкерлерге дәрістер оқыды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу