ШҚО-да көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері парамен ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері парамен ұсталды

20.09.2021

Шығыс Қазақстан облысындағы Көліктік бақылау инспекциясының 11 қызметкерінен тұратын қылмыстық топ ұсталды. Өңірдегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық схеманы инспекция бөліміндегі басшылардың бірі ұйымдастырғанын анықтады. Ондағы лауазымды тұлғалар аймақтағы жүк тасымалдау саласындағы кәсіпкерлерден кедергісіз жүріп-тұру үшін пара алған. Пара сомасы 10 000-нан 50 000 теңгеге дейін жетеді. Жүк көлігі жүргізушілері оны қол алысу кезінде беріп отырған. Осылайша күніне шамамен 500 мың теңгені қалтасына басқан. Қазір 4 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Фитосанитария» басшылығына қатысты пара алу фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде. Аталған тұлға «Фитосанитария» комитетіне қарасты 11 аумақтық филиалына жеткізілетін тауарларды қабылдау-беру актілеріне кедергісіз қол қойған. Жеткізуші компаниялардың өкілінен айтарлықтай мөлшерде пара алған. Қазір күдікті тергелу үстінде.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу