Ұлыбританияда 12-15 жасар балаларды вакциналау жоспарланып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда 12-15 жасар балаларды вакциналау жоспарланып отыр

14.09.2021

Британ үкіметі 12 мен 15 жас аралығындағы балаларға вакцина ұсынуға дайын. Мұндай кеңесті басшылыққа Бас дәрігерлер ұйымы берген. Әзірге жасөспірімдерге Pfizer екпесінің бірінші дозасы салынбақ. Екінші компонентті егу мәселесі шетелден түскен деректерге қарап көктемде қабылдануы мүмкін.Осыған дейін АҚШ, Израиль және Еуропа елдері балаларды коронавирусқа қарсы иммундады. Содан кейін Біріккен Корольдікке олардан үлгі алу туралы қысым күшейген.

Израильде коронавирусқа қарсы вакцинаның төртінші дозасын салуға әзірлік жүріп жатыр. Елдің денсаулық сақтау министрлігі бұл үшін қажетті екпе қорының жеткілікті болуын қамтамасыз етпек. Әзірге, жаңа иммундау науқаны қашан басталатыны белгісіз. Ал, жақында 2,8 млн адамға егілген үшінші дозаның әсері ұзаққа жетуі мүмкін.

Ал, Оңтүстік Корея ресейлік Sputnik Light вакцинасын экспорттауға дайындалып жатыр. Осы елдің GL Rapha (Джи Эл Рафа) биотехнологиялық компаниясы бұл екпенің 10 млн дозасын өндірген. Енді кәсіпорын оны шетелге сату үшін Мәскеуден рұқсат күтіп тұр.

Айта кету керек - Ресейде вакцина өндірісі баяу басталып, оның үстіне ішкі сұраныс артып, бұл препарат өзге мемлекеттерге тиісті деңгейде жеткізілмей отыр. 

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу