Алматы облысында жаңадан сайланған ауыл әкімі жұмысын белсенді бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында жаңадан сайланған ауыл әкімі жұмысын белсенді бастады

13.09.2021

Өткен жексенбіде Алматы облысының екі ауданында ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Кербұлақ ауданының Шұбар ауылы, Көксу ауданының Мұқры және Мұсабек ауылдық округтерінен барлығы 11 кандидат халық сенімінен шығуға тырысты. Науқан барысы туралы әріптесім Қуаныш Қанатұлы толығырақ.

Мұқры ауылындағы электорат саны 1700-ге жуық. Сайлаушылар таңғы жетіден сайлау учаскесіне келе бастады. Тұрғындар өз ауылының әкімін таңдау мүмкіндігіне ие болғанына жауапкершілікпен қарап, Президенттің бұл бастамасына барынша қолдау көрсетуге тырысты. Әсіресе ауыл қарттары өздерінің туып-өскен елді-мекенін дамытуға өз ортамыздан шыққан азаматымыз тер төгеді деген үмітте.

Макира Оспанова, Мұқры ауылының тұрғыны:
Бұл сайланған азаматтарымыз осы елімді, жұртымды көтерем деп, осы халқымды жақсылыққа жеткізем деп, өз елін, осы туған жерін көркейтемін дегеніне мен сенемін. Оларға 100 пайыз сенем.

Ал Мұсабек ауылдық округіндегі сайлаушылар саны 900-ге жуық. Жалпы Көксу ауданындағы екі ауыл бойынша 7 үміткер бақ сынады. Бәрі де осы өңірдің тумалары. Партияларға қарағанда өзін-өзі ұсынғандар басым.

Жанар Байұзақова, Көксу аудандық сайлау комиссиясының төрайымы: 
Мұқры ауылдық округінде бір кандидат Нұр Отан партиясынан. Екі кандидатымыз өз-өзін ұсынған. Мұсабек ауылдық округі бойынша бір кандидат халық партиясынан, үш кандидат өз-өзін ұсынып отыр.

Екі аудан бойынша сайлаушылар белсенділігі 86 пайыздан асты. 3 ауылдың тұрғындары өздері лайықты деп таныған азаматтарын әкім сайлады. Алматы облысында екі аптадан кейін тағы төрт округте халық өз таңдауын жасайды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу