Қостанай облысында көпбалалы ана баспана таппай сабылып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында көпбалалы ана баспана таппай сабылып жүр

10.09.2021

Қостанай облысының Молоканов ауылында көпбалалы отбасы кісі үйін паналап отыр. Жеті баланың біреуі бірінші топтағы мүгедек. Отанасы Ләззәт Хасенова осыдан екі жыл бұрын үйдің кезегіне тұрғанмен әзір баспана бұйырмай тұр. Өмір бойы кісінің босағасына телміріп, шарасыз күйге түскен ананың жанайқайын Дәуренбек Әбдібек тыңдап қайтты.

Бұл отбасының ешқашан басыбайлы баспанасы болмаған. Өмір бойы туыстарының немесе, әртүрлі себептермен уақытша бос қалған үйлерді паналап келеді. Қазір де жергілікті кәсіпкердің екі бөлмелі үйінде уақытша тұрып жатыр. Өз беттерінше қаржы жинап сатып алуға мүмкіндік жоқ. 2019-шы жылы Ләззәт көпбалалы ана ретінде Молоканов ауылы қарайтын Қостанай ауданына баспана кезегіне тіркелген.

Ләззат Хасенова, көпбалалы ана:
ЖКХ-дан білмеймін бе барып, кезегім қанша болды екен деп. Сөйтсем сіз мұнда жоқсыз, Октябрь ауылында кезекте бесінші боп тұрсыз дейді. Онда барсам бізде үй салынбайды, сондықтан сізге қайдағы үй дейді. Сонда мен осылай жүре берем бе дедім.

Ауылда әлеуметтік үйлердің құрлысын жүргізу туралы жоспар жоқ екенін жергілікті әкім де растап отыр. Осы жерде мұқтаж жандарды болмайтын баспананың кезегіне қоюдың қандай мәні бар деген заңды сауал туады.

Асылхан Жүрсінәлин, Октябрь ауылдық округінің әкімі:
Бұл әр адамның өзінің шешімі ғой. Қай жерге тұрғысы келеді, со жерге тұрады. Бізде құрылыс салу жоспарланған жоқ әзірше. Сондықтан о кісі аудан орталығына тіркелуіне болады.

Алайда аудан орталығының өзінде 5 жарым мың пәтерлік 45 көпқабатты үйдің құрлысы 2022-ші жылы ғана басталмақ. Оның қаншасы әлеуметтік баспана болары да әзір беймәлім. Жалпы Қостанай ауданында қазір 169 көпбалалы отбасы үйдің кезегінде тұр. Биыл оларға сегіз баспана сатып әперу үшін 40 млн теңге бөлінген. Бұл кезекте тұрғандардың бір пайызын қамтуға да жетпейді. Яғни, Ләззәт Хасенованың отбасына әзір басыбайлы баспана бұйырмайын деп тұр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу