Қазақстанға ауыл шаруашылығын жүргізудің жаңа жүйесі қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанға ауыл шаруашылығын жүргізудің жаңа жүйесі қажет

09.09.2021

Елде ауыл шаруашылығын жүргізудің ауа райына бейімделген жаңа жүйесін құру қажет. Биылғы құрғақшылықтан егін бітік шықпай, қуаңшылықтан мал жұтады. Сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысына осындай қиындықтардан қысылмай шығудың жолдарын нұсқады. Ол технологиялық дамыған аграрлық елде табиғи катаклизмдер болғанда Қазақстандағыдай түсім төмендемейтінін айтты. Проблемаларды шешудің нақты тетіктері ретінде өрістердің егжей-тегжейлі агрохимиялық картограммасын жасауды ұсынды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесін жетілдіріп, суармалы жерлердің көлемін ұлғайту керек деді. Фермерлерді оқыту да маңызды іс. Яғни, аграрлық білімді тарату орталықтарын ұйымдастыру қажет. Республика аумағында сондай 25 ғана мекеме бар. Ал, АҚШ пен Канадада 3 мыңнан асады.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Еліміздің гидрометеоқызметін жаңғырту қажет. Ауа-райының нақты болжамының болмауына байланысты фермерлеріміз егудің оңтайлы мерзімін анықтай алмайды. Депутаттар отандық сорттардың селекциясын дамыту мәселесін бірнеше рет көтерді. Құрғақшылыққа төзімді сорттарды тек биотехнологиялық заманауи әдістер негізінде ғана жасауға болады. Алайда мұндай зерттеулерді қажетті көлемде қаржыландыру мәселелері әлі шешілген жоқ.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу