Алматы облысы Шелек ауылында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында ілкімді жобалар қолға алынды. Көпқабатты баспаналар салынып, тұрғындарға таратылатын жер телімдерінің инфрақұрылымы жасалуда. Облыс бюджетінен бір ғана ауылға 2,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып отыр.
Бұл - Шелек ауылында соңғы 30 жылда салына бастаған алғашқы баспана. 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй құрылысына 600 млн теңге қарастырылған. Мердігерлер жоспарға сәйкес жыл соңына дейін іргесін көтеріп, жұмысты уақытылы аяқтауға бекініп отыр. Ал ауылдық округтің өзінде 2600-ден астам адам жер алып, үй салуға өтініш берген. Бұл мәселе де оң шешімін тауып, Май ауылынан 237 гектар жерге электр жарығы, су құбырлары тартыла бастады.
Әбілбек Айтақынов, Шелек ауылының тұрғыны:
Шелегіміздің болашағы зор. Өйткені тоғыз жолдың торабында. Темір жол өтті. Жоғары жағында үлкен Батыс Еуропа-Батыс Қытай жолы өтіп жатыр. Міне мұның барлығы Шелегіміздің болашағына жол ашады деген ойдамыз.
Жер телімдерін, шамамен, 1400 отбасыға үлестіру көзделген. Мұнан бөлек ауылда халық сейіл құрып, жастар қыдыратын саябақ та бастан-аяқ жөнделуде. Бұл нысанға да 360 млн теңге қаржы бөлінді.
Сәкен Әбдіқалиев, Шелек ауылдық округінің әкімі:
30 жылдан бері халықтың арманы болатын орталық саябақты абаттандыру жұмыстары. Балалар ойнайтын алаң болады. Спорт алаңдары болады. ағаштар отырғызылады, декоративный дұрыс-дұрыс ағаштар. Ішіне жақсы, жақсы шамдар қойылады.
Бұдан бөлек Шелек өңірінде энергетика, геология саласында ауқымды инвестициялық жобалар да қолға алынып отыр.
Қуаныш Қанатұлы