Тоғызыншы амнистия. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай бірқатар сотталушылар бостандыққа шығады. Мәжіліс депутаттары рақымшылыққа кімдер ілігетіні туралы заң жобасын талқылауға кірісті. Құжатқа алғаш рет «әлеуметтік осал санат» деген ұғым енгізілді. Бұған екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға теңестірілгендер, қарулы күштер мен басқа да әскерлердің, тіпті кеңес одағы әскери қызметшілерінің жесірлері кіреді. Сондай-ақ қылмыс жасағанда он сегізге толмағандар және елуден асқан әйелдер мен алпыс жастан асқан ерлер бар. Рақымшылық 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектер, жүкті әйелдер, ата-ана құқынан айырылмаған және кәмелетке толмаған балалардың ата –анасына да жасалуы мүмкін. Алайда, жеткіншектерге зәбір көрсеткендерге, жемқорларға, кісі өлтірушілер мен экстремистерге және қылмыстық топтардың бұрынғы мүшелеріне рақымшылық жасалмайды. Мұндай кешірім ел тарихында бұған дейін 8 рет жасалды. Оның төртеуі тәуелсіздік күніне орай жарияланған.