Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар қабылданды

07.09.2021

Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар қабылданды. Құжатты үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев таныстырды. Әр органның атқаратын жұмысы айқындалды. Енді тек сол жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындау керек деді Үкімет басшысы Асқар Мамин. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы толықтырып айтады.

Жолдаудағы тапсырмалар мен міндеттерді іске асыруға бағытталған Жалпыұлттық жоспарда атқарылуы тиіс 102 іс-шара қамтылған. Әр сала бойынша қандай заң, қандай бағдарлама қабылдануы керек екені, әр мемлекеттік органның міндеті осы құжатта нақтыланған. Үкімет басшысы іс-шаралардың уақытылы әрі сапалы орындалуы үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары тікелей жауапты болатынын ескертті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Мемлекет басшысының азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру жөніндегі бастамаларын іске асыру. Жалақыны көтеру, жеке сектордың үлесін ұлғайту, салықтық жүктемені азайту арқылы халықтың нақты кірістерінің өсуін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады. Жалпыұлттық жоспар алға қойған міндеттерге толық сай.

Үкімет отырысында Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев инфляцияны төмендету бағытындағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Оның өсуіне алдымен азық-түлік бағасының қымбаттауы себеп болған. Баға 8 айда 11,4 пайызға дейін көтерілген. Енді маусымдық қымбаттаулар кезінде жедел шаралар қабылдап, монополияға жол бермеу маңызды дейді Досаев. Мұндай шаралар азық-түлік инфляциясын келер жылы 6, ал, 2023-24 жылдары 5 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді . Өзге тауарлардың бағасы да жіті бақылауда болады.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
ҚР үкіметімен келісім бойынша азық түлікке жатпайтын инфляцияны 2022 жылы 5 процентке дейін және 2023-24 жылдары 4 процентке дейін төмендеуін күтеміз.

 Жоспар бойынша экспорт пен импорт көлемін реттей отырып, алдымен ішкі нарықты толық қамтып аламыз. Қажет болған жағдайда кей тауарларды сыртқа шығаруға тыйым салынуы мүмкін. Кәсіпкерлерге қолдау артып, азық-түлік келісімшарт корпорациясының жұмысы жетілдіріледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатушылары үшін жалдау ақысы төмендетілмек.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу