Басты Жаңалықтар Газдандыру жұмыстары кешігіп, Қарағанды облысы бойынша тариф бекітілмеді

Газдандыру жұмыстары кешігіп, Қарағанды облысы бойынша тариф бекітілмеді

Қарағандыда газдандыру жұмыстары кешігіп жатыр. Соның салдарынан облыс бойынша ортақ тариф бекімей қалды. Ал, әлдеқашан газ құбыры тартылған қалалар мен ауылдардағы тұрғындар көгілдір отынды күтіп отыр. Әріптесім Руслан Нұрланұлы мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Руслан Нұрланұлы, тілші: 
Сарыарқа магистральды газ құбыры Қарағанды облысы бойынша ең алғаш болып Талап ауылына жеткен болатын. Мұнда құбырларды тарту жұмыстары аяқталды, әр ауланың сыртына келіп тұр. Алайда тұрғындар көгілдір отынның қызығын қашан көретінін әлі күнге білмей дал.

Орынбасар әжей Талап ауылында 40 жылдан бері тұрады. Осыдан үш жыл бұрын елді мекенге газ құбыры тартыла бастағанда от жағу машақатынан құтылатын болдық деп қуанған еді. Биыл үй ішіне құбыр тартқан соң, пешті бұзып тастаған. Алайда газ әлі жоқ.

 Орынбасар Смайылова, Талап ауылының тұрғыны: 
Газды екі жыл болды күтіп жүрміз. Маусым айында мамандар келіп сырттан тұрбаларын тартып, мынау қазандықты қойып кетті. Содан бері жоқ сол адамдар. Болмай қалса енді пеш соғамыз қайтадан. Не тоқпен отырамыз.

Ауылдағы 145 ауланың сыртына қазір орталық магистральдан құбыр келіп тұр. Ал оны ішке өткізу үшін әр үй кемінде 500 мың теңгеден жұмсауы керек. Оған қоса қажетті материалдарға 500 мың теңге кетеді. Сондықтан ақшаны бір жыл бойы бөліп төлеу қарастырылған. Бірақ тұрғындар газ берілген күннің өзінде құбырлар қыста қатып қала ма,-деп қауетерленеді.

Әбдіреш Жолаев, Талап ауылының тұрғыны: 
Қыс қатты болады, бұл жақтың аязы күшті. Ертең газ болмай, қатып жатса пешті жаға береміз. Сол үшін пешті бұзбай отырмыз.

Газ тарту жұмыстарына үйлердің тең жартысының құжаты дұрыс болмауы да бөгет. Оларды түгендеуге жергілікті билік көмектесіп, қыркүйек айының соңына дейін мәселені шешіп беруге уәде етті. Содан кейін ғана газ тартушы компаниямен бірлесе техникалық құжат жасалады.

Қайрат Бапанов, Талап ауылының әкімі: 
Халыққа газ беру бойынша тариф бекіген жоқ. Себебі Қарағанды облысы бойынша Жезқазған, Қарағанды, сосын Теміртау қаласына газ тартылуда. Жезқазған қаласы, соның ішінде Талап ауылын қоса алғанда жұмыстар аяқталды.Құжаттары дайын. Енді Қарағанды мен Теміртауды күтіп отырмыз.

Облыс бойынша әуелі 3 мың үйді газбен қамту көзделген. Жоспарға сай бұл шаруа былтыр бітуі тиіс еді. Алайда қаржы болмай жұмыс Қарағандының өзінде ғана бір жылға кешікті. Сол себепті облыс бойынша ортақ тариф те бекімей қалған.

Ұлантай Үсенов, Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы: 
Былтыр бізде Қарағандыда бітпеген себебі бізден республикалық бюджеттен бөлінген 900 миллион теңге қаражатты алып қойды. Пандемия болып, соның ықпалынан болды ол. Енді биыл жылу беру маусымы басталғанша тарифті бекітеді деген үміттеміз.

Жалпы аймақта Сарыарқа газ магистралінің бойындағы 145 елді мекенді көгілдір отынмен қамту көзделген.

Руслан Нұрланұлы

Бөлісу