Түркістанда дауға қалған басшылар мектеп формасын ауыстырып берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда дауға қалған басшылар мектеп формасын ауыстырып берді

03.09.2021

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында аз қамтылған отбасылардың балаларына берілген мектеп формасы қайта ауыстырылды. Ауданда бас-аяғы 30-ға тарта балаға үлкен немесе керісінше тым кіші өлшемді киімдер таратылып берілген. Аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Асан Үйсімбаевтың айтуынша, мектептің әдіскері киімге тапсырысты ата-аналардың берген мәліметтері негізінде жіберген. Ал мердігер сол өлшемдер бойынша форманы мектепке жеткізіп берген. Бөлім басшысы кей сөмкелердің де сапасыз болып шыққанын жоққа шығармады.

Асан Үйсімбаев, Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:
Вафаева баласына 44-ші размер деп берген. Оны мектепте тұр, дәлелінің бәрі бар. Соған сәйкес баласына киім алынған. Бірақ апай өтініш айтқаннан кейін біз ауыстырып бергенбіз. Орынбасарымды қосып бердім. Барып ауыстырып берді.

Еске сала кетейік, күні кеше 10 баланың анасы Гүлшат Вафаева бюджеттен бөлінген қаржыға ұзындығы тізеден келетін костюм мен қолпылдаған үлкен аяқ-киім алынғанына наразылығын білдіріп, балаларын Қазығұрт ауданының әкімдігіне ертіп барған болатын. Ашынған ана кедей-кепшікті келеке қылған шенеуніктерге өкпесін айтып, мектеп жасындағы балаларының формасын ауыстырып беруді талап етті. Сөмкелердің де сапасы сын көтермейтінін жеткізді. Ал форма мүлде берілмеген қыздары мектепке футболкамен барған. Мұндай жағдай Төлеби ауданында да болды.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу