СҚО-да мөңке балығы қырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да мөңке балығы қырылды

22.08.2019

Теріскейде балық қырылды. Тамыздың 20-сы күні Жамбыл ауданындағы Толыбай көлінде мөңке балығының өлекселерін көрген тұрғындар жергілікті әкімдікке хабар берген. Экологтар мен облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының мамандары судан 185 келі балық өлексесін шығарып, өртеп жіберді. Қазір сараптама тағайындалып, зерттеу жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, балықтың қырылу себебі әлі белгісіз. Су қоймасының маңайындағы егістік алқапты дәрілеу кезінде химикаттар түсуі немесе балдырдың гүлінен де улануы мүмкін.

Аман Тәжғалиев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

Негізінен балықтың қырылуы көктем кезінде болатын. Қыста ауа жетпегендіктен, өлекселері, көктемде мұз ерігесін шығатын. Сыныманы алдық, соның нәтижесін күтіп отырмыз. Көлдің суын тұрғындар пайдаланбайды. Жалпы ол судан адам денсаулығына қауіп жоқ.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу