Ақтөбе облысында шаруашылықтар мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияға қол жеткізе алмай келеді. Шаруалар Мемлекет басшысының жолдауынан кейін жағдайдың оңалатынына сеніп отыр. Осы орайда ақтөбелік шаруалар субсидиялауды жеңілдетудің тәсілін ұсынды. Әріптесім Жақсыбек Кемал олармен арнайы жолықты.
Самат Қалдығұлов соңғы жылдары тек мал өсіріп қана қоймай, оның етінен дайын өнім шығару ісін қолға алды. Мемлекет қолдауына сүйеніп, мал сою кешені мен консервілеу цехын салды. Қазір жұмысы жүріп тұр. Ол бұған дейін әсіресе, шағын және орта шаруа қожалықтары үшін субсидия алудың қиын болғанын айтады. Дегенмен, енді шаруашылықты кеңейтуге жол ашыларына сенеді. Өйткені, Мемлекет басшысының өзі жолдауда Агроөнеркәсіпкешені қолданатын технологияның 90 пайыздайы ескіргенін, сондықтан оны қайта жабдықтау қажеттігіне де тоқталған еді.
Агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан көбі субсидияны талан-таражға салу фактілеріне қатысты. Президент оған жол беруге болмайтынын айтты. Ақтөбелікшаруалар субсидияны рәсімдеу тәртібі қарапайым әрі ашық болса, жұмысымыз жеңілдер еді дейді. Бірнеше жылдан бері облыстағы 5 мыңдай шаруа қожалығының тек мыңға жуығы ғана мемлекеттенқолдау көрген.
Мәрлен Баймағамбетов, «Фермерлер орталығы» қауымдастығының төрағасы:
Ережелеріміз дұрыс жазылмаған.Талапқа сай емес болғасын олжерде неше түрлі алаяқтар пайдаланып кетіп жатыр. Сондықтан министрлікке айтқанбыз, ережелер әр облыстың өзінікі бөлек болуы керек. Мысалы, әр облыстың табиғаты, халқы бөлек. Сондықтан субсидиялау ережелері бөлек болғаны дұрыс.
Яғни, ақтөбелік шаруалар әр өңірдің табиғи жағдайы,қандай шаруашылыққа бейім екендігі ескерілсе дейді. Ең бастысы ауыл шаруашылығы жерлері мейлінше ел игілігіне жарап, экономикалық айналымға түсуі тиіс.
Жақсыбек Кемал