Түркістанда көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар бір айдан астам газсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар бір айдан астам газсыз отыр

02.09.2021

Түркістанда көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар бір айдан астам газсыз отыр. Жергілікті халық жоспарлы жөндеуге сөндірілген көгілдір отынның әлі күнге берілмей жатқанына наразы. Амал таусылған кей тұрғындар газ баллондарын қосып алса, енді бірі электр пештерін пайдалануға көшкен. Түркістандағы тілшіміз Айнұр Ақбаева газдың қашан берілетінін анықтады.

Бұл - Түркістан қаласының орталығындағы көпқабатты үйдің тұрғындары. 118 пәтерлі үйде өткен айдан бері газ жоқ. Кейбірі қауіпті екеніне қарамастан газ баллондарын қосып алса, енді бірінің күні электр пештеріне қарап қалған.

Бексұлу Қалжанова, Түркістан қаласының тұрғыны:     
Газ жоқтан шаршадық. Бір-екі апта деген, бір жарым ай болды. Не тамақ іше алмаймыз.
Бейсенгүл Кәріниева, Түркістан қаласының тұрғыны:
Бір жарым ай болды. Не шәй жоқ, газ жоқ. Бірақ төлегенбіз. Одан кейін 4,5 мың бер деді. Паспорттың көшірмесімен.4,5-ды да бердік. Білмеймін ғой, жоқ қой енді.

 1-ші ықшамаудандағы бірнеше көпқабатты үйде де осындай жағдай. Тұрғындардың кейбірі тіпті үш жылдан бері көгілдір отынға қосыла алмай отырғанын айтады. Жалпы қалада жүргізілген кезекті жөндеуден кейін басқа да ықшамаудандар газсыз қалды. Ал, өңірдің газ таратушы мекеме басшылары болса, құбырларға газ келіп тұр, тек тұтынушылардың құжаттары дұрыс емес дейді.

 Ержан Балабеков,  "Қазтрансгаз аймақ" АҚ Түркістан облыстық өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары:
Пәтер иелері келісім-шарт бойынша белгіленген мамандарды шақыртып, техникалық акт алады. Ал, жеке пәтерлерді қосу "Қазтрансгазаймақтың" міндетіне қарамайды.

Көпшіліктің арыз-шағымынан кейін шаһардың коммуналдық шаруашылық саласына жауапты мамандары мәселенің себебін анықтап көрді. Сөйтсе пәтерлерде монтаждау жұмыстарын жүргізген мекеме тұтынушылардың құжаттарын толық тапсырмай кеткен.

Қазір бұл шаруамен қаланың инфрақұрылым және коммуникация бөлімі айналыса бастады. Олар мердігер мекемеге тиісті құжаттарды тұрғындарға жеткізіп, алдағы 3 күнде үйлерді газға қосуды тапсырды.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу