Жезқазғанда балабақша тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда балабақша тапшы

31.08.2021


Жезқазған қаласында соңғы 3-4 жылда бірде-бір балабақша салынбаған. Қазір 3 мыңға жуық бүлдіршін кезекте тұр. Ал, 2017 жылы тапсырылуы тиіс 320 орындық балабақшаның құрылысы әлі күнге аяқсыз. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы сол өңірден.

Мына үйдің ауласы толы бала. Бірақ маңайда бірде-бір балабақша жоқ. Тұрғындар дәл іргеде салынып жатқан бөбекжайдың тапсырылуын жылдар бойы күтіп жүр.
 Перизат Аршыкенова, Жезқазған қаласының тұрғыны: 
Балабақша жеткіліксіз. Мына балабақшаны істеп жатқанынан біраз болды. Ешқандай қозғалысты көріп тұрған жоқпыз. Үлкендікі өтіп кетті кезегі. Енді кішкентайымыз барса қуанамыз.
Тоғжан Тәпішева, Жезқазған қаласының тұрғыны: 
Біз келген жылы осы балабақша болады деп айтылған. Төрт балам бар, екеуінің кезегі осы балабақшаны күтіп жүргенде өтіп кетті.
 2013 жылы салына бастаған нысанға бюджеттен 816 миллион теңге бөлінген. Мердігер қаражаттың 90 пайызын алған,-дейді тапсырыс беруші тарап. 2017 жылы мердігер жұмысты бітіріп, бөбекжайды тапсыруы тиіс еді. Алайда келісілген мерзімге үлгермеген соң уақытын тағы бір жылға создырған. Ақыры облыстық құрылыс басқармасына мердігерді сотқа беруіне тура келді.
Нұржан Орынбаев, Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары: 
Қазіргі таңда мердігер компанияның үстінен қылмыстық тергеу қозғалып, іс жүруде. Былтырғы жылы жаңадан қаражат тағайындалып, жаңа мердігер компания анықталды.
Қалада қазір мектепке дейінгі 30 мекеме бар. Соның 14-і - мемлекеттік, қалғаны мектептердегі шағын орталықтар мен жеке меншік бөбекжайлар. Сондықтан аса көп бала қабылдай алмайды. 2900 бүлдіршін кезекте тұр. Олардың қатары күн санап өсуде.
Дамира Алтайбаева, Жезқазған қаласы білім бөлімінің бас маманы: 
Балабақша тапшылығы бар. Бірақ мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесін көбейту мақсатында жалпы сыйымдылығы 880 орынды құрайтын 4 балабақша салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Бұл 4 балабақша жергілікті өндірістік компанияның қаражатына салынбақ. Құрылысты бюджет қалтасы көтере бермейтіндіктен қалалық білім бөліміндегілер демеушліредің көмегіне жүгінуде.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу