Токиодағы Паралимпиада жарыстарында төрт спортшымыз ел намысын қорғап, әнұранымызды әуелеткен. Байрақты бәсекеде 25 спортшы өз өнерлерін көрсетіп жүр. Ел қоржынына 3 бірдей олжа салған дзюдошылар Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатинаны бүгін Алматы әуежайынан күтіп алуға жақындары мен жанкүйерлері жиналды.
Паралимпиадашылар Жапониядан бүгін ұшып келді. Қоржынға жүлде салған дзюдошыларымызды жанкүйерлер мен туыстары Алматы әуежайынан күтіп алды.
Теміржан Дәулет, Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері:
Бәрі ойдағыдай болды. Мына медальді барша қазақстандықтарға арнаймын. Жақсы сезімдемін. Дайындық жақсы өтті. Жаттықтырушыларға рақмет.
Жандос Қиянов, Пара дзюдодан ҚР құрамасының бас жаттықтырушысы:
Үш күміс алып отырмыз. Бұл қазақ парадзюдосының жаңа тарихы. Балуандар бүкіл күш-жігерін, тәжірибесін салып жеңіске жетті. Барлық қолдаушыларды сезініп отырдық. Мен өте қуаныштымын.
Бұған дейін, елдің намысын қорғап келген пара пауэрлифтшілеріміз Давид Дегтярев пен Алина Солодухинаны да туыстары, достары мен өзге де азаматтар Нұр-Сұлтан әуежайнан қарсы алды.
Пауэрлифтингтен алтын алқа тағынған Давид Дегтярев 172 келі зілтемірді көтерді. Ал 45 келіге дейін салмақта Алина Солодухина үздік бестікке кірді. Бұл қазақстандық ауыр атлеттер қатысқан алғашқы Паралимпиада еді.
Давид Дегтярев, Токио Паралимпиадасының алтын жүлдегері:
Алдымен жанұяма, туған қалам Атбасар жұртына алғысым зор. Мені қасынан бір елі қалдырмай қолдау көрсеткен жаттықтырушыма рахмет айтамын. Өзім оқыған жасөспірімдер спорт мектебі мен Ұлттық паралимпиялық комитетке ризашылығымды білдіремін.
Юрий Колесников, Пара пауэрлифтингтен ҚР құрамасының бас жаттықтырушысы:
Мұндай бәсекелерде әлсіздер жоқ. Токиодағы жарыстарға екі паралимпиада жүлдегері қатысты. Біреуі Бразилиядан, екіншісі Грекиядан. Алайда, біз өзіміздің мықты екенімізді дәлелдеп жеңіске жеттік.
Токиодағы Паралимпиада 5-ші қыркүйекке дейін жалғасады. Әзірше қоржынымызда төрт медаль бар. Бұл Қазақстан спортшыларымыздың паралимпиада ойындарының тарихында бұрын соңды болмаған нәтиже. Қазақстан құрамасы 2016-шы жылы ғана Рио-де-Жанейро Паралимпиадасында екі медаль жеңіп алған. Зульфия Габидуллина суда жүзуден алтын, ал Раушан Қойшыбаева пауэрлифтингтен күміс жүлдеге ие болған еді.