Жамбылдықтар жарылыстан қаза тапқан Мейіржан Аймановты ақтық сапарға шығарып салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылдықтар жарылыстан қаза тапқан Мейіржан Аймановты ақтық сапарға шығарып салды

29.08.2021

Жамбыл облысында жарылыстан қаза тапқан әскерилер мен өрт сөндірушілер жер қойнына тапсырылды. Сын сағатта сыр бермеген, антына адал байзақтық қаһармандарды ел-жұрты батырға лайық құрметпен шығарып салды.

Ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Азаматтық қорғау полковнигі Мейіржан Аймановты да Жамбыл жұрты соңғы сапарға шығарып салды. Оның артында ақ шашты ата-анасы, аңырап бес баласы қалды. Мейіржан – Аймановтар әулетінің үлкені болатын. Тұңғыш ұл болғандықтан ата-анасы да, бауырлары да оған арқа сүйейтін.
Айткүл Айманова,  М.Аймановтың анасы: 
Жетіге қарай мен онымен хабарластым. –Балам, жұмысың бітті ме? Қайдасың?-деп едім. – Мама, өрт сөндіруге кетіп барамын-деді. Ол жарылыс болатынын білген де жоқ.
Мейіржан жақында ғана 45 жасқа толған еді. Өмір бойы өрт сөндіру саласында еңбек етіп, полковник шеніне дейін өсті. «Адалдық пен әділдікті жаны қалайтын. Кішкентайынан спортты серік етті» дейді бірге өскен достары.
Елмира Ізмағамбетова,    М. Аймановтың сыныптасы: 
Мейіржанды кішкентайынан білеміз, сол кезде бойында қайраттылық, қаһармандық, әлсіздерге жақтасып, қорғап жүретін еді. Енді өмір сүріп, бала-шағаны өсіріп, қызығын көремін ба дегенде қыршынынан кетіп отыр.
Қаза тапқан батырлардың арасында құтқарушы сержант Арнұр Темірболатов та бар. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерді туыстары жер қойнына табыстады. осы салада 2016 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ол бұған дейін адам өмірін арашалап, талай өрттің бетін қайтаруға атсалысқан.
Сайлаукүл Айтақожаева А. Темірболатовтың әпкесі:
Өте ақкөңіл еді, сондай жүрегі кең еді, кішкентай қызын қандай жақсы көретін еді.
Шейіт болған құтқарушыларға мемлекет басшысының бұйрығымен 1 және үшінші дәрежелі Айбын мемлекеттік наградасы берілді. Олардың арасында Тәңірберген Төребеков те бар. Осындағы жас құтқарушыларға бар білгенін үйреткен ұстаздың қазасы шәкірттеріне де ауыр тиген. Ол жарылыс болған сәтте оқиға орнына алғашқылардың бірі болып өрт сөндірушілердің бригадасын басқарып барған.
Әліби Әбдіолла,  өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі:
Барлық өртте бірге болдық, бірге жүрдік, бірге тамақтандық. Авария болса да барлық жерде бірге қызмет еттік. Бұл кісілердің алатын орны өте үлкен. Бейбіт елдің батырлары деп ауыз толтырып айта аламын ол кісілер туралы. Өз мамандықтарын сүйген соң осындай жағдай болып отыр деп ойлаймын.
 Апат езінде он үш қаһарманның өмірі  қиылды. Олар «елдің шетінде, желдің өтінде» жүріп, қандай қиындықты болса да қасқайып қарсы алатын нағыз ерлер еді.

Шерхан Абзалұлы

Хабарламаларға жазылу