Жарылыс болған әскери бөлім Тараздан шамамен 18 шақырым жерде орналасқан. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше мұнда әскери қойма емес, оқ-дәрі базасы жасақталған. Бейсенбінің кешінде орын алған алапат жарылыс қалай басталды? Қандай шұғыл шаралар қолға алынды? Тағы бір тізбектеп көрейік.
Әскери бөлімде өрт шыққаны туралы алғашқы қоңырау өрт сөндіру қызметіне 18 сағат 47 минутта түскен. Қызыл жалынмен күреске 31 техника мен 114 адам жөнелтілді. Өрт сөндірушілер сағат 19:12-де оқиға орнына жеткен. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше 28/349 әскери бөліміндегі алғашқы жарылыс сағат 19:57-де орын алды.
Жарылыс болған әскери бөлімнің маңында үш елдімекен бар. Ең жақыны Жібек жолы ауылы 3,5 шақырымда орналасқан. Үшбұлақ ауылы мен оқ-дәрі базасының ара қашықтығы 8 шақырым. Ал Сарыкемер ауылы әскери бөлімнен 10 шақырым жерде орналасқан.
Алғашқы жарылыстардан кейін жақын маңдағы ауылдардан шұғыл түрде халықты қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары басталды. Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша эвакуациялау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына Жамбыл облысы Полиция департаментінің 300 полицейі мен 47 автоэкипажы, сондай-ақ Ұлттық ұланның 520 әскери қызметшісі жұмылдырылды.
Кешкі сағат 9-дар шамасында әскери бөлім маңындағы барлық қозғалыс тоқтатылды. Полицейлер «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолын толығымен жапты. Шымкент-Тараз-Алматы аралығында сапарға шыққан көліктер кері қайтарылды. Сондай-ақ, пойыздардың жүрісіне шектеу қойылды. Түнгі сағат 1- ге дейін тұрғындарды эвкуациялау жалғасты. Жақын маңдағы 3 елді мекенннің тұрғындарына төсек орындар дайындалып, қауіпсіз жерге көшірілді.
Дарын Сағитов