Жамбыл облысында апат аумағы мен шығын көлемі есептеліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында апат аумағы мен шығын көлемі есептеліп жатыр

27.08.2021

Тараз тұрғындары мен облыс орталығынан 20 шақырым жердегі Байзақ ауданының жұртшылығы түнімен көз ілген жоқ. Қару-жарақ қоймасы жақын орналасқан Ботамойнақ,Жібек жолы,Қайнар елдімекендеріне де қауіп төнді. Таңертеңге дейін жалғасқан жарылыстардың жаңғырығы мен толқыны жүз шақырым жерге дейін жеткен. Төтенше жағдайды әріптесім Сәбит Әлдебай рет-ретімен баяндасын.

Ең алғашқы жарылыс сағат сегіздер шамасында болды. Біраздан кейін іле әскери бөлімдегі өрттің соңы жойқын жарылысқа ұласты.

Жарылыстың толқыны жақын маңдағы тұрғын үйлерге дейін жетіп, әскери бөлім маңындағы орналасқан жанармай құю бекетін жермен жексен ете жаздады. Ғимараттың терезелері шағылып, астаң-кестеңі шыққан.

Сағат тоғыздар шамасында әскери бөлім маңында барлық қозғалыс тоқтатылды. Полицейлер «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолын толығымен жапты. Шымкент-Тараз-Алматы қалалары аралығында сапарға шыққан автотранспорттың барлығы кері қайтарылды. Сондай-ақ, пойыздардың жүрісіне де шектеу қойылды. Жолда қалғандарға 20 автокөлік бөлініп, діттеген жерлеріне жеткізді. Оқиға орнына жағдайды бақылауда ұстау үшін 300 полицей мен Ұлттық ұланның 520 әскери қызметшісі жұмылдырылды. Дереу штаб құрылды.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:
12-ға жуық техника тартылды, оған қосымша отыздан астам жедел жәрдем көліктері жұмыс жасады.

Сағат ондар шамасында жарылыс жиілей түсті. Қоймаға жақын орналасқан үш ауылдың тұрғындары түнгі сағат 1 ге дейін эвкуацияланды. Төсек орындар дайындалып, жұрт қауіпсіз жерге көшірілді.

Жарылыс кезінде 80-нен астам адам түрлі дене жарақатын алған. Аласапыранда шапшаң қимылдаған әскерилер біраз адамды аман алып қалды.

Шұғыл жеткен жедел жәрдем жарылыстан жарақат алғандарды жақын маңдағы ауруханаларға апарды. Апат аймағыннан соңғы дүмпу түнгі сағат 2 лер шамасында естілді. Әскери бөлімдегі өрттің өрши түсуін мамандар онда сақталып келген тротилдің отқа орануымен байланыстырады.

Нұрлан Ермекбаев,  ҚР Қорғаныс министрі:
Барлығы он үлкен жарылыс болды. Ондағы оқ дәрілердің көлемі Арыс қаласындағы қоймадан 7 есе аз. Снарядтардың ұшу қашықтығы 3 шақырымға дейін созылуы мүмкін еді. Сондықтан жақын маңдағы тұрғындарды тез арада көшіруге кірістік.

Төтенше оқиғаға қатысты «Қару-жарақпен ,сондай-ақ, айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір қаупі сейіліп, жағдай бақылауға алынған. Апат аумағы мен шығын көлемі есептеліп жатыр.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу