БҚО-да өрт өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да өрт өршіп тұр

25.08.2021

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында төрт күннен бері орман, дала өртеніп жатыр. Өңірде тағы екі жерде құрғақ шөп пен тоғай отқа оранды. Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында да өрт өршіп тұр. Ардақ Мұратқызы тарқатады.

Алапат өртті сөндіруге Атырау қаласынан МИ-8 тікұшағы көмекке келді. Алайда қызыл жалын бой бермей жатыр. Бударин ауылы маңындағы Чапаев орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты 265 гектар жер отқа оранды. Кеше қалаға жақын маңда Үлкен Шаған ауылы мен Теректі ауданында да өрт шықты.

Рашид Біләлов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары: 
Сатым ауылы арасында ауданы 30 га құрайтын құрғақ шөп пен 20 га орман екпелері жанды. Зардап шеккендер жоқ, материалдық шығын анықталуда. Сағат 11.45-те бүгін Орал қаласы әуежайынан МИ-8 тікұшағы көтеріліп, қазіргі таңда сол жерде жұмыс атқарылып жатыр.

Шығыс Қазақстанда да құтқарушылар тілсіз жаумен күресіп жатыр. Көкпекті ауданынд 45 гектар аумақта құрғақ шөп өртенсе, Аягөзде 10 гектар алқап жанып жатыр. Ал Қара Бұжырда жалын тек бүгін сөндірілді. Өртті толық жоюға екпінді жел кедергі. Өңірдің басқа аймақтарында да өрт қаупі жоғары.

Қарағанды облысының Абай ауданы Ақбастау ауылы маңында төрт күн бойы дала өртенді. Жалпы аумағы 3 мыңға жуық гектар жайылым мен шабындық жанып кетті. Тұрғындар өз еркімен қауіпсіз жерге көшуге дайындалған. Өрт тек бүгін таңертең толығымен сөндірілді.

Нұралы Смағұлов, облыстық ТЖД жедел басқару орталығының директоры: 
Ақбастау селолық округінде өрт жанған уақытта 10-15 шақырым жерге шейін ауылға жақын келді өрт. Бірақ жергілікті органдардың қызметкерлерімен бірге өртті уақытымен тоқтатып алып, ауылға қауіп төндірген жоқпыз.

Бұқар жырау ауданына қарасты Доскей ауылында екі күн бойы қоқыс полигоны өртенді. Шет ауданында да даладағы құрғақ шөп күлге айналды. Жыл басынан бері өңірде 298 дала өрті болып, 61 мыңнан астам гектар жер жанып кеткен.

 Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу