Жоғары оқу орны ректорларының рейтингісі жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғары оқу орны ректорларының рейтингісі жасалады

19.08.2021

Педагогтардың 93 пайызы, білім мекемелеріндегі өзге қызметкерлердің 88 пайызы екпе салдырды. Мектептер санитарлық талапты сақтай отырып, дәстүрлі форматта білім беруге тас түйін дайын. Дәстүрлі тамыз кеңесінде Асхат Аймағамбетов осылай деді. Өткен оқу жылына шолу жасалып, болашақтағы жоспарлар талқыланған жиында тағы не айтылды? Раушан Сайлауқызы толығырақ.

Балалардың 98 пайызы балабақшамен қамтылды, енді санға емес, сапаға мән беретін кез келді. Мектепке дейінгі ұйымдарда методикалық әдіснаманы жаңарту, тәрбиешілердің біліктілігін арттыру мәселесіне көптеп көңіл бөлінбек. Балабақшамен қоса, мектеп пен колледж ұстаздарының жалақысы келер жылы тағы 25 пайызға артады. Мектеп директорларының да айлығын арттыру көзделген. Еңбекақы көбейген сайын, талап та күшеймек. Енді мұғалімдердің біліктілігін арттыру шаралары әр бес жыл емес, екі немесе үш жылда өткізілуі мүмкін. Ал бірінші сыныпты енді аттаған бүлдіршіндер биыл әліппемен қауышады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Әліппе  бірінші сыныпқа қайта енгізілді. Бірінші сыныптағы балапандарымызға салтанатты түрде беріледі. Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі арқылы жазылды. Буын бойынша оқыту, сауатты жазуы принциптері енгізілген.

Ұстаздардың жұмысқа орналасуы да оңай болмайын деп тұр. Бұрын директор қабылдаса, енді электронды форматта конкурс арқылы жүзеге асады.Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғанымен, олардың құқығы бұзылған фактілер азаяр емес. Бір жылда жүзден астам шағым келіп түскен. Онда қосымша жұмыс беру, жөндеу жұмыстарына тарту сияқты әрекеттер анықталып, мектеп басшылары әкімшілік жазаға тартылды. Білім беруден бөлек, оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда болу керек.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Мектептер 98 пайызы жылы дәретханамен және камералармен қамтылды. Десе де сапасын түзетуде олқылықтар әлі де баршылық. Тек қана 55 пайызы стандартқа сай. Осы көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделген.

Жоғары оқу орны ректорларының рейтингісі енгізіледі. Яғни, университет жетістігі бірінш кезекте басышға байланысты дейді, министр.

Ал колледжедрге академиялық еркіндік берілді. Енді білім беру бағдарламаларын өздері айқындайды. Тіпті студенттердің оқу мерзімі де қысқаруы мүмкін.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Енді әр оқушы екі үйірмеге тегін баруға құқылы. Мұны қаржыландыруды өңірдегі жергілікті әкімдік қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ ұлттық бірыңғай тестілеудің де мазмұны жаңаруы мүмкін. Ал Алтын белгі алу үшін 5-11 сыныптағы барлық сабақ бес болуы шарт. Сондай-ақ бұдан былай курстық жұмыстар, дипломдық еңбектер мен рефераттар мәтіні арнайы ортақ базаға енгізіледі. Бұл біреудің еңбегін екінші адам көшіре алмайды деген сөз.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу