Әскери борышын өтегендер емтихансыз жоғары оқу орнына түсе алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскери борышын өтегендер емтихансыз жоғары оқу орнына түсе алады

20.09.2022

Енді әскери борышын өтегендер ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсіп, қалаған маман иесі бола алады. Жауынгерлер үшін тегін әрі ақылы оқу мүмкіндігі қарастырылған. Грантқа түсу үшін қандай талаптарды орындау керек?

Ернұр Біләлов Өскемендегі 5518 әскери бөлімінде борышын өтеп жүр. Оның пікірінше бұл бастама жастар үшін таптырмас мүмкіндік.

Ернұр Біләлов, 5518 әскери бөлімінің сарбазы:

Мен осы армияда жүрген кезде он айдай уақыт өтті ғой. Осы уақыт аралығында қанша балалармен таныстым. Сол балалардың арасында жоғарғы оқу орнына түспеген балалар бар. Қазіргі уақытта жоғарғы оқу орындарының бағасы қымбат. Сол оқу ақысын төлеу үшін көптеген отбасының жағдайы келе бермейді. Бұл жастарға жасап жатқан мемлекеттің мүмкіндігі.

Жеңілдік тек әскерге барып келгендерге жасалады. Мерзімін өтеген сарбаз қалаған мамандығына тапсырып, жоғары оқу орнына түсе алады. Жобаға қазіргі уақытта борышын өтеп жүрген азаматтар және 2022 жылы әскерге шақырылғандар қатыса алады. Оларға ұлттық бірыңғай тест тапсырудың қажеті жоқ. Тек грантқа түсу үшін сарбаздың қатарластарынан оқ бойы озық тұруы маңызды.

Айгүл Төлембаева, ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі:

Әуелі сарбаздың үлгілі тәртібі мен жеке қасиеттері ескеріледі. Одан соң жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелер көрсетсе тегін білім ала алады. Оларды іріктеуді Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан өкілдері жүргізеді. Әскери қызметке деген қызығушылықты арттыру мақсатында осындай жобаны қолға алып отырмыз.

Жобаны жүзеге асыру үшін қандай да бір заңнамалық өзгерту қажет емес. Еліміздегі 30дан астам жоғары оқу орны бұл бастаманы қолдауға әзір. Қазір өзгелерімен де келісім жүріп жатыр.

Раушан Сайлауықызы, тілші:

Осыған дейін әскерге барып келгендер де ескерусіз қалмайды. Олар еліміздегі ЖОО қарамағындағы әскери кафедраларға емтихан тапсырмай-ақ тегін оқуға түседі. Қорғаныс министрлігі тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жұмыстарына кірісті. Жобаны іске асыру келер жылы басталады. Сондай-ақ әскери борышын өтеу кезінде несие төлеуден уақытша босатылуы мүмкін. Қазір екінші деңгейлі банктермен бұл жөнінде келіссөз жүріп жатыр

Раушан Сайлауқызы

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу