Қостанайда ресейлік жоғары оқу орны лицензиясыз жұмыс істеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда ресейлік жоғары оқу орны лицензиясыз жұмыс істеген

21.10.2019

Қостанайда ресейлік жоғары оқу орны лицензиясыз жұмыс істеген. Бұл заң бұзушылықты алдымен тамыз айында тексеру жүргізген ҚР Білім және ғылым министрлігі анықтапты. Арнайы әкімшілік хаттама да толтырылған. Оқу орны өкілдері 2003-ші жылы мерзімсіз лицензия алғандарын айтып ақталады. Алайда қарсы тарап кейінгі уақыттағы заңдағы өзгерістерге сәйкес, ол құжат жарамсыз боп қалғанын алға тартты. Қазіргі заңнамаға сәйкес шетелдік оқу орындары халықаралық келісім-шарт негізінде жұмыс істеуі тиіс. Ақыры іс сотқа жетіп, ресейлік университетке айыппұл салынды. Мұнда қазір 3 мыңнан астам студент оқып жатыр, 200 адам еңбек етеді. Оның 64-і оқытушылар.

Зәуре Едикова, Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі:

Челябі университетінің Қостанайдағы филиалы ҚР Әкімшілік кодексінің 463-ші бабы, 1 тармағы бойынша жауапқа тартылды. Оқу орнына 25 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынды. Сонымен қатар лицензиясыз жұмыс істеген уақыттағы кірісі тәркіленеді.

Дәурен ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу