Өткен жылу маусымында елордада 469 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл 2020-жылмен салыстырғанда 40 пайызға көп. Тілсіз жаудың салдарынан 7 адам қайтыс болып, 12 азамат әр түрлі жарақат алды. Төтенше жағдайлар басқармасы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың үйлеріне көмірқышқыл газын анықтайтын дабыл құрылғысын орнатуды жалғастырып жатыр.
Дабыл қондырғысы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға тегін орнатылады. Аппарат пештен шыққан уытты заттардың қоспасы мөлшерден асқанда іске қосылады. Сол кезде үйдегілер әрекет етіп, оқыс жағдайдың алдын алады. Оны әркім сатып алып, өздігінен орнатуға да болады.
Соңғы екі жылда бас қалада әлеуміттк аз қамтылған топтарға жататын 2 жарым мыңнан астам үйге осындай дабыл құрылғылары орнатылған. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, тұрғын үйлердің тізімі жасалған.
Алдияр Қошан, Байқоңыр ауданы ТЖБ инженері:Нұр-Сұлтан қаласы бойынша барлығы 1 792 тұрғын үй есепте тұр. Сондай-ақ, 2021-2022 жылғы жылу беру кезеңінде жалға берілетін 1 326 тұрғын үй бар. Жоспар бойынша 272 датчик тұр. Оларды орнату бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.
Басқарма қызметкерлері тұрғындар қарапайым қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, мамандар кеңесіне құлақ асқаны жөн, - деп отыр. Себебі кейбір отбасы мүшелері аппаратты өшіріп тастап, өз өмірлеріне салғырттық танытатын көрінеді. Айта кетейік, үй-үйді аралау кезінде пеш пен электр жылытқыштарын пайдалану бойынша түсіндірме жұмыстары да жүргізіледі.
Дарын Сағитов