Солтүстікқазақстандық зейнеткер екі жылдан бері шиншилла өсірумен айналысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстікқазақстандық зейнеткер екі жылдан бері шиншилла өсірумен айналысады

18.08.2021

Елімізде түрлі кәсіппен шұғылданып, табысын еселеп отырған жандар жетерлік. Солардың бірі солтүстікқазақстандық зейнеткер екі жылдан бері шиншилла өсірумен айналысады. Қазір оның қорасында 100-ден астам аң бар. Саумалкөл ауылының тұрғынымен тілшіміз Эльмира Кәленова кездесті.

Виктор Таранов фермасындағы аңдардың барлығын жазбай таниды. Шиншиллалар да оның келгенін сезсе, тордың есігіне қарай ентелейді. Бір қарағанда қоянға ұқсайды, тек кішкентай. Салмағы 800 граммнан аспайды.

Виктор Таранов, зейнеткер:
Шиншилла – Оңтүстік Америкада тіршілік ететін аң. Оны бізде ұстау үшін қысы-жазы бөлмеде 16-18 градус температураны сақтау қажет. Жылына 3 рет балалап, 10-нан астам төл береді. Қазақстанда шиншилла өсіретіндер көп емес. Басқа кемірушілер сияқты жағымсыз исі жоқ. Сондықтан да мен оларды жақсы көремін.

Шиншилланың түгі әдемі, мықты әрі жылы болғандықтан жоғары бағаланады.

Эльмира Кәленова, тілші:
Мынау 2,5 айлық шиншила. Кішкентай болса да мінезі. Ол өсіп жетілуі үшін әлі 6 ай керек. Мұндай аңдар сәбіз, алма, жем-шөптің бәрін жей береді.

Экзотикалық жануар ерекше күтімді қажет етпейді. Күніне бір рет тамақтандырса жеткілікті. Тазалық пен тыныштықты жақсы көреді. Түрлі ауруларға төзімді.

Ерен еңбек пен төзімділіктің арқасында табысын еселеп отырған жанның бірі Андрей Дмитриев. Тайынша қаласының тұрғыны 6 жылдан бері бөдене өсірумен айналысады. Кәсібін бір шелек жұмыртқамен бастапты. Бүгінде фермасында 4 мың құс бар.

Андрей Дмитриев, кәсіпкер:
Мына балапан 2 айлық. Әбден жетілгенге дейін осы жерде тұрады. Сосын торға қамаймыз. Аналық құстар күніне 2 мың жұмыртқа береді. Бөденені күн тәртібі бойынша тамақтандыру керек. Егер жемнің сапасы төмен болса, дұрыс өнім ала алмайсың.

Мұндай құстарды өсіру үшін үлкен ғимарат салудың қажеті жоқ. Қанаттылар көпқабатты торда тіршілік ете береді. Тек фермадағы температура жылы әрі бірқалыпты болуы шарт. Бөдененің еті мен жұмыртқасы емдік қасиетке ие.

Эльмира Кәленова 

Хабарламаларға жазылу