Астаналық зейнеткер 5 жылдан бері ешкіні бағып, одан табыс тауып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астаналық зейнеткер 5 жылдан бері ешкіні бағып, одан табыс тауып отыр

01.08.2023

Ешкі сүтіне сұраныс көбейіп келеді. Мұның себебін мамандар сүттің түрлі ауруларға ем болуынан деп түсіндіреді. Дәрігерлер ешкі сүті асқазан, бауыр, анемия ауруларына емдеу үшін пайдалануға кеңес береді.

Астаналық зейнеткер Серік Бердіғожин 5 жылдан бері сексек ата түлігін бағып, одан табыс тауып отыр. Қазір иелігінде асылтұқымды 8 заанен ешкісі бар. Әрқайсысы 5-7 литрден сүт береді. Айтуынша ешкі сүтіне тапсырыс берушілердің легі күн сайын көбейіп келеді. Себебі түрлі дертке дауа іздегендерді, дәрігерлердің өзі жіберетін көрінеді.

Серік Бердіғожин, кәсіпкер:

Химия терапия ауыр, содан кейін кішкене күш жинайық деп әлсіреп қалғандар келеді. Бұл енді ананың сүтіне жақын дейді ғой құрамы. Сосын іш-құрылысы ауыратындар, асқазаны, ішектері ауыратындар келеді. Әдістемесі бар. Таңертең ашқарынға ішеді бұл сүтті.

Аида Ахметбек, тілші:

Ешкі сүтінің құрамында қырықтан астам биологиялық компонент бар. Сиырға қарағанда оның түсі аппақ болады. Ана сүтіне ұқсайды. Каллориясы аз болғандықтан тез қорытылады.

Ешкі сүтінде казеин мөлшері аз. Сондықтан аллергиялық реакция тудырмайды. Ағзаға йод жетіспеушілік кезінде буын аурулары, қатерлі ісік, жүрек қан тамырлары сынды бірқатар ауруларға ем болады.

Мақпал Тайырбекқызы, дәрігер:

Ешкі сүтінің құрамында көптеген макро және микроэлементтер бар. Яғни бұл бізде калий, кальций, магний, марганец, A, B, C, D витаминдері аскорбин қышқылы және одан да басқа көптеген микроэлементтеріміз бар. Ешкі сүтінің PH деңгейі, яғни қышқылдылық деңгейі біздің теріміздің, денеміздің PH деңгейіне сәйкес келеді. Сол себепті оның құрамынан дайындалатын өнімдер, беттің микрофлорасын бұзбай жақсы әсер көрсете алады. Иммунитетті тұрақтандыруға әсері бар.

Осыдан болар Бердіғожиндер әулеті сиыр сүтінен түбегейлі бас тартқан. Сексек ата түлігін асырағалы бері оның сүтінен табиғи өнімдер жасап, сатады. Алушылар алдын ала тапсырыс береді дейді зейнеткер.

Серік Бердіғожин, зейнеткер:

Әйелім соның бәрін өндіріп, сүттен айранын жасайды, май алады. Одан құрт жасайды, ірімшігі бар, соны қолмен істеп шығарады. Енді ешкіге ие болсақ, сол бізге жарап тұр. Жанұямызға осы жетеді.

Бұдан бөлек, дәрігерлер шала туылған нәрестелерге бұл өнімді қолдануға рұқсат береді. Тіпті, пастерленген түрлері дәріханаларда сатылымда тұр. Алайда бағасы анағұрлым қымбатқа шығады.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу