«Қызыл» аймақта тұрған өңірлерде демалыс күндері локдаун сақталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қызыл» аймақта тұрған өңірлерде демалыс күндері локдаун сақталады

18.08.2021

Эпиджағдайдың қауіптілігі бойынша «қызыл»аймақта тұрған өңірлерде демалыс күндері локдаун сақталады. Бұл туралы Премьер-министр Асқар Мамин айтты. Жалпы елімізде соңғы 3 аптада эпидемиологиялық жағдай аздап тұрақталып келеді. 1 тамыздан бері вирустың таралу деңгейі 1,11 ден 0,97 пайызға дейін төмендеген. Оңғар Алпысбайұлы толықтырып айтсын.

Республика бойынша ауруханалардың жүктемесі 53, ал, жансақтау орындарының жүктемесі 47 пайыз болып отыр. Алексей Цойдың айтуынша, тәулік басында жансақтау бөліміне түскендердің үлесі - 40 пайыз. Бұл өте жұқпалы дельта штамының жылдам таралуына байланысты болып отыр. Мұнан бөлек адамдардың өзін-өзі емдеуі, медициналық көмекке уақытылы жүгінбеуі де жағдайды ушықтыратын факторлар. Сондықтан еліміздің бас дәрігері ел тұрғындарына үндеу жасады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Вирус жұқтырып, айналасындағыларға қауіп төндіретін азаматтардан ерекше жауапкершілік танытып, вирустың таралуына жол бермеулерін сұраймын. Бұл тек өзіміз үшін ғана емес айналамыздағылар, жақындарымыздың амандығы үшін аса маңызды. Той томалақтарды, үлкен жиындарды да қысқартуымыз керек.

25 тамызға дейін мұғалімдерді вакцинациялау аяқталуы тиіс. Үкімет басшысы осылай деді. Жалпы бүгінге дейін 6,1 млннан астам адам екпенің бірінші, 4 млн 800 мыңнан астам адам екінші компонентін алған. Вакциналаудың жақсы қарқын алуы Алматы, Шымкент қалаларында және Түркістан облысында байқалып отыр. Үкімет басшысы Маңғыстау, Атырау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында вакциналау қарқынын едәуір күшейтуді тапсырды.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Барлық өңірлер мен мемлекеттік органдар вакцина салдырудың қажеттігі туралы ақпараттық жұмысты кеңейтсін. Бүгінгі күні тіркелген ашық пайдаланушылары 4 млн-нан астам. Қазірдің өзінде жобаға 111 мың бизнес субъектісі қатысады. Бизнеспен жұмысты жалғастырып, жобаға қатысушылар санын ұлғайту керек.
Отырыс барысында үлкен жиындар мен той томалақтардың әлі тыйылмай тұрғаны да айтылды. Алексей Цой мониторингтік топтардың жұмысын күшейту, карантин талаптарын бұзғандарды анықтап, ашық жариялау қажет екендігін айтты.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу