Ақтөбеде карантин талаптары кезекті рет қатаңдатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде карантин талаптары кезекті рет қатаңдатылды

23.04.2021

Эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты, бірқатар өңірлерде карантиндік шектеулер күшейтілді. Көпшілік шаралар өткізуге қатаң тыйым салынып, демалыс күндері халық көп шоғырланатын қоғамдық орындардың жұмысы тоқтатылды. Ал, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарындағы мекеме қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті.

Ақтөбеде карантин талаптары тағы да қатаңдатылды. Өйткені, соңғы күндері індет жұқтырғандар саны-100-ден төмендемей тұр. Соған байланысты өңірде балаларға арналған сауықтыру лагерьлері мен білім беру мекемелеріндегі асханалардың жұмысы тоқтатылды. Дүйсенбіден бастап 300 балаға дейінгі мектептер түгелдей қашықтан оқиды. Тек, ғаламтор желісі жоқ елді мекендердегі оқу процесі бұрынғысынша жалғаса бермек. Аймақта картингтер, электромобильдер мен скутерлерді жалға беруге тыйым салынды.

Маңғыстау облысында да дүйсенбіден бастап карантиндік шектеулер қатаңдатылады. Бұдан былай сенбі, жексенбіде сауда үйлері, ойын сауық орталықтары мен спорт кешендері жұмыс істемейді. Ал, базарлар жексенбіде жабық. Қоғамдық тамақтану орындарына талап қатаң. Олар енді кешкі 8 ге дейін, онда да адам санын 30-дан асырмай жұмыс істей алады. Ал, мекеме қызметкерлерінің 80 пайызы қашықтан жұмыс істейді.

Батыс Қазақстанда ауру дендеп, коронавирус жұқтыру 34%-ға өсті. Аймақта карантиндік шектеулерге қарамай, тәртіпке бағынбау дерегі көп. Жыл басынан бері сот шешімімен 6 мейрамхана жабылды. Демалыс күндері кейбір кәсіпкерлік нысандарға локдаун енгізілсе де, жасырын жұмыс істейтіндер анықталды.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу