Алматыдағы жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы төмен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы төмен

17.08.2021

Алматыдағы жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы төмен. Себебі, оқытушылар мен студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін карантиндік талаптар сақталмаған. Осылай деген әкімдік өкілдері/ арнайы мониторингтік топ өкілдерімен бірге/ білім ордаларына тексеріс жүргізді. Толығырақ келесі материалда.  

Қала бойынша жоғары оқу орындарын тексеруге шыққан топ алдымен Асфендияров атындағы медицина университетіне бас сұқты. Бұл жерде «Ашық» жобасы іске қосылғанымен оларды бақылаушы жоқ. Іште адамдардыңмаскасыз жүргені байқалды. Ал, оқу ғимаратының тазалығына жауапты маман орнында болмай шықты. 

Десе де, университет басшылығына екі апта ішінде олқылықтарды қалпына келтіру туралы ескерту жасалды. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде де жағдай мәз емес. Үстел үстіндегі және жүру жолақтарында ара қашықтықты сақтайтын белгілер қарастырылмаған. 

Махаббат Түкібаева, шет тілдер және іскерлік карьера университетінің проректоры:
 Қызыл жолақтардың көп жерлерге қойылу керек екені айтылды. Оны біз алдағы уақытта ескереміз. Бізде олардың барлығы қарастырылған болатын. Мониторингтік топтың айтқанын ескере отырып, қызыл жолақтарды әр жерге қою керек екені айтылды.

Мониторингтік топ аралап шыққан бес оқу орнының тек біреуінде ғана карантиндік талаптар толық сақталған. Қалғандарына ескерту жасалды. 

Бауыржан Сәбитұлы, мониторингтік топ мүшесі:

Ара қашықтықты сақтайтын ленталар дұрыс қойылмаған екен көп универлерде. Содан кейін санитарлық антисептиктер әрбір аудиторияға қойылуы керек. Осының бәрі ескертіліп ескерту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгінде жалпы мегаполис бойынша 38 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Білім ордаларындағы 21 мыңнан аса оқытушының 63 проценті коронавирусқа қарсы вакцина алды. Ал өз еріктерімен екпе алған студенттердің саны 35 мыңға жеткен. Мамандар ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін бұл аз көрсеткіш екенін айтты. 


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу