Президент Сеулде Абай Құнанбайұлына қойылған бюсттің ашылу рәсіміне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Сеулде Абай Құнанбайұлына қойылған бюсттің ашылу рәсіміне қатысты

17.08.2021

Қазақстан мен Корея президенттері кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында қос ел үкіметтері 34 құжатқа қол қойды. Тараптар шикізаттық емес тауар айналымын ұлғайтып, оны әртараптандыруға келісті. Ал жаңа жобаларды жүзеге асыру тиімдірек болу үшін Пусанда Қазақстанның бас консулдығын ашу туралы шешім қабылданды.
 
Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына алғашқы мемлекеттік сапары. Жалпы, пандемия басталғалы Оңтүстік Корея мұндай жоғары деңгейде бірде-бір президентті қабылдамаған.

Ежелгі жауынгерлерді сомдаған сарбаздар мен Ұлттық гвардия, қызыл кілем. Ұзақ үзілістен кейін Корея президентінің резиденциясы – «Көк орда» қазақ делегациясын бар сән-салтанатымен қарсы алды. Қазақтар үшін көк түсті туға құрмет қандай болса, кәрістерде де бұл түстің өзіндік мәні бар. «Жаңа өмірдің басын» білдіреді. Бұл сапар да жаңа белестерге бастауы тиіс. Қос президенттің де, делегация өкілдерінің де тұтас көк галстук тағуы дипломатия тілінде «сенім мен әріптестікке дайындықты» білдіреді.

Альбина Әшім, тілші:
Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына келер жылы 30 жыл толады. Осы уақыт аралығында Корея Қазақстанның сенімді серіктесі мен ірі инвесторлардың біріне айналды. 30 жыл ішінде Оңтүстік Корея Қазақстанға 7 млрд доллардан астам қаржы құйған. Ал екі ел арасындағы былтырғы алыс-беріс 6 млрд долларға жуықтады. Былай қарасақ, шекаралары шектеспейтін, тілі де, ділі де бөлек қос мемлекет. Бірақ қазақ-кәріс халықтарын біріктіретін тарихи оқиға бар: ол – 1937 жылы этникалық кәрістердің Қазақстанға депортациялануы.
 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Баршаңызға мәлім, кезінде корей ұлтының көптеген өкілі Қазақстанға еріксіз қоныс аударды. Олардың арасында Ге Бон У, Цай Ден Хак, Ким Ман Сам сияқты танымал тұлғалар бар. Жер аударылған кәрістердің бәрін халқымыз бауырына басып, паналатты. Олар қазақ жерінде өсіп-өніп, нағыз отандастарымызға айналды. Біздің елде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Скл. Кәріс бауырларымыз көптеген салада табысты еңбек етуде. Олардың ел экономикасын өркендетуге қосып жатқан үлесі зор. Қазақстанда тұратын корейлер екі елдің қарым-қатынасын дамытуға да белсенді атсалысып жүр. Біздің ынтымақтастығымыз болашақта осындай достық рухында нығая береді деп сенемін.
Қазақ жеріне депортацияланған он мыңдаған кәрістің ішінде Кореяны Жапония отаршылдығынан азат ету үшін күрескен генерал Хон Бом До да болған. Ол өмірінің соңғы жылдарын Қызылордада сүріп, корей театрында пеш жағушы болып жұмыс істеген. Сыр өңірінде дүниеден өтіп, сонда жерленген еді. Корея халқы Ұлт батырының сүйегін тарихи отанына алып келу мәселесін бірнеше рет көтеріп, тараптар талай келіссөз жүргізді. 2019 жылы президент Мун Чжэ Ин Қазақстанға ресми сапары барысында осы өтінішін қазақ басшысына жеткізеді. Араға 2 жыл салып, Корея жеріне мемлекеттік сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесінің өтінішін орындап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақтар да, корейлер де Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Қызылорда қаласында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған. 2018 жылы батырдың туғанына 150 жыл толды. Қазақстан халқы Ассамблеясы осыған орай арнайы конференция өткізді. Генералдың есімі қазақ елінің жадында сақталады. Оның мемориалы мемлекет қамқорлығында болады.
Иә, екі ұлт үшін де азаттықтың ақ таңы атқан күн – ұлық мереке. Сондықтан егемендік үшін күрескен Ұлт батырының сүйегі Тәуелсіздік мейрамында отанына оралғанын Корея халқы жақсылыққа жорып отыр.
Мун Чжэ Ин, Корея Республикасының Президенті:
Құрметті азаматтар, 15-тамыз Корея Республикасының тәуелсіздік күнінде аты аңызға айналған Ұлт батыры генерал Хон Бом Доға құрмет көрсетіліп жатыр. 1907 жылы еріктілер отряды құрылып, Жапонияға қарсы қозғалысты Хон Бом До басқарған еді. Сондықтан біз үшін бүгінгі оқиғаның мәні зор.
Рухани қатынастан экономикалық саяси байланысқа ойыссақ. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мун Чжэ Ин екіжақты келіссөздер жүргізіп, бұл бағыттағы жоспарларды айқындады. Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен осы мемлекеттік сапарға ерекше мән беремін. Екі елдің арасы алшақ болғанымен, халықтарымыз – тағдырлас. Корея – Қазақстанның Шығыс Азиядағы стратегиялық серіктесінің бірі. Қазір сан салалы байланысымыз қарқынды дамып келеді. Біз бүгін осы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру үшін өзара сенім мен қолдауға негізделген келіссөздер жүргіздік.
Мун Чжэ Ин, Корея Республикасының Президенті:
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін сыртқы саясатта ашық әрі тығыз байланыс орнатып, белсенділік таныту арқылы Орталық Азиядағы қырқынды дамушы мемлекетке айналды. Сонымен қатар Қазақстан Азиядағы өзара ынтымақтастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес арқылы және Дүниежүзілік сауда ұйымындағы министрлер конференциясының теңтөрағасы ретінде де көпжақты ынтымақтастықтың әртүрлі тетіктерінде белсенді көшбасшылық танытып келеді. Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ең алғашқы сауда және инвестициялық әріптесі.
Сондай-ақ Корея жоғары технологиясы мен инновациялық өнеркәсібі дамыған қуатты мемлекет ретінде Қазақстан үшін тиімді серіктес. Бұл саладағы жетістіктерін әлем мойындап отыр. Ал қазақ елінде жаңа жобалар жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан – экономикалық өсімі тұрақты, әрі инвестициялық ахуалы қолайлы ел. Қазірдің өзінде «Таңғы шық елі» Азиядағы сауда серіктестеріміздің ішінде екінші орында тұр. Скл. Қазақстанда әлі де толық игерілмеген салалар көп. Сондықтан, қазақ жеріне келуге ынталы корей компаниялары мен кәсіпкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз.
Бұл ойын мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін Кореяның ірі компаниялары басшыларының жиынында да қайталады. Қазір Қазақстанда кореялық капитал салынған 550-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Samsung, Hyundai, Lotte сынды жетекші корпорациялар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осы компаниялардың қатысуымен жалпы құны 2,5 миллиард доллардан асатын 24 ірі жоба жүзеге асырылды. Әсіресе, кореялық SK Engineering & Construction компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма тасжолының (БАКАД) құрылысын айтуға болады.
Ендігі мақсат: өзге салаларда ортақ жобаларға кірісу. Мәселен, экономиканы цифрландыру, 5G желілерді дамыту. Оңтүстік Кореяның бұл бағыттар бойынша дүние жүзінде үздік ел ретінде танылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз компьютерлік техника, желілік жабдықтар, деректерді өңдеу орталықтары бойынша бірлескен өндірістік жобалар ашуға мүдделіміз. Қазақстан 5G желісін өрістету бағытында жұмыс істеп жатыр. Ірі қалаларда алғашқы сынақтар өткізілді. Корея компанияларын елімізде 5G жобаларын іске асыру үдерісіне қатысуға шақырамын.
Сондай-ақ қазақ басшысы Корея бизнесмендерін жер қойнауын пайдалану және геологиялық зерттеу жасау, баламалы және жаңғыртылатын қуат көздерін дамыту, ядролық отынды бірлесіп өндіру салалары бойынша бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев «Самсунг Электроникс» және «Дусан Хэви Индастрис энд конструкшн» компанияларының басшыларымен жеке кездесті.

Жалпы, мемлекеттік сапар аясындағы кездесулер мен жиынға екі ел атынан қырықтан астам бизнес өкілі қатысты. Нәтижесі де осал емес. Ортақ сомасы 1 млрд 700 млн доллар болатын 34 құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде тау-кен, инфрақұрылым мен құрылыс, машина жасау бойынша инвестициялық жобалар бар. 2 жыл бұрынғы Қазақстандағы кездесуден соң былтыр Алматыда зауыт ашылған еді. Он айдың өзінде бұл кәсіпорыннан жиырма мыңнан астам Хёндай акцент Қазақстанда құрастырылып, шығарылған. Ал осы жолғы келіссөздерден кейін елімізде тағы бір көлік құрастырылатын болды.
 Бекнұр Несіпбаев, «Астана Моторс» компаниясының бас директоры:
Келісімшарт бойынша тек қана Хендай акцентті бояу және дәнекерлеу жұмыстарын ғана емес, Хендай тусан екінші модельді дәнекерлеу және бояу тәсілімен шығаруды иемденеміз деп отырмыз. Алдымызда басқа жоспарлар, ол қосымша бөлшектерді шығару. Сондықтан Алматыдағы зауыттың жанынан өнеркәсібін ашып, қосалқы бөлшектерді біздің зауытқа ғана емес, басқа зауыттарға да шығаратын деп сенеміз.
Қазақ-корей қатынасын рухани тұрғыдан бекіте түскен тағы бір қадам – Сеул төрінде ұлы ақын Абай Құнанбаевқа ескерткіштің ашылуы. Ескерткіш Сеул Кибер университетінің кампусы алдында орнатылған. Жобаны Оңтүстік Кореяның үздік мүсіншілері қазақстандық эскиз бойынша әзірлеген. Бюст қоладан, ал 1200 метрлік тұғыры мәрмәрдан жасалған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Сондықтан, Абайға арналған бюсттің білім ордасына қойылуы орынды шешім екені сөзсіз. Мұның символдық мән-маңызы айрықша. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің Елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық.
Иә, Абай арқылы әлем қазақтың даралығы мен даналығын таниды. Гим Джун Гё – сондай адамдардың бірі. Қазақ тілін үйреніп жүргеніне үшінші жыл. Тілді білген сайын қазақ еліне деген қызығушылығы арта түскен. Тіпті, өзіне Ілияс деп, қазақша есім таңдаған. Кәрістің Ілиясы Сеулде ашылған Абай ескерткіші өзге отандастарын да қазақ тілін үйренуге сеп боларына сенімді.
Гим Джун Гё, Ханкук шет тілдер университетінің студенті:
Бұл – өте маңызды күн. Себебі Кореяда қазақ тілін, Орта азия тану факультетін үйрететін тек қана біз. Сондықтан ол бізге өте маңызды.  Қазақ еліне барғанда қазақ достарыммен танысқым келеді. Олар арқылы қазақша жақсырақ сөйлесуге болады деп ойлаймын.
Қазақ пен корей ұлттарына тән тағы бір ортақ қасиет: өткенді өнеге қылу, баба рухына тағзым ету. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулдегі «Отан үшін шейіт болғандар» монументіне барып, гүл шоғын қойды. Осылайша, 12 сағатқа созылған мемлекеттік сапар екіжақты ынтымақтастық тек қана дипломатиялық емес, адами қатынас арқасында да беки түсетінін тағы бір дәлелдеп берді.

Альбина Әшім

Хабарламаларға жазылу