Президент Семейдегі «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Семейдегі «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты

15.10.2020

Абай қазақ елінің бренді болуы тиіс. Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Әрі Ұлы ақынның ескерткішін ашып, музейін аралады. Хәкімнің Жидебайдағы мавзолейінде болып, рухына тағзым етті. Бұл Президент болғалы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шығысқа жасаған екінші сапары. Содан бері өте шыққан бір жылда, яғни Абай жылында қалада қандай өзгеріс бар? 

Жидебай. Семейден 180 шақырым жерде орналасқан қазақтың рухани меккесі. Шығысқа сапарлап барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен осы киелі жерге келді. Абай мен Шәкәрім жатқан кесенені аралап, ұлы ақындардың рухына тағзым етті. Ал бұл Абайдың үйі. Өмірінің соңғы 10 жылын осында өткізген. Қазір мұражай. Сол заманнан сыр шертетін 7 бөлмелі үйде ақын қолының табы қалған үш ішекті домбырасы, қалта сағаты, тіпті протез тістеріне дейін бар. Жерде әжесі шомылдырған жезлеген, қабырғада губернатор сыйлаған мылтығы тұр. 

Досжан Маратұлы, тілші: 
-Ал бұл хәкім Абайдың жұмыс бөлмесі. Осында оның 76 өлеңі мен 27 қара сөзі жарық көрген. Ал үстел үстінде ақынның Құран кітабы, құс қауырсынынан жасалған қаламы мен сия сауыты тұр. Ұлы Мағауияға жазған хаты да жатыр.

Жидебайдан соң Мемлекет басшысы Абайдың Семейдегі музейіне келді. 175 жылдыққа орай тарихи нысанның қасбеті мен залдары жаңартылып, аулаға алып ескерткіш тұрғызылған. Президент соның лентасын қиып, салтанатты түрде ашты. Мүсінде ұлы ойшыл ұлдары Ақылбай және Тұрағұлдың ортасында. Еңселі ескерткішті ерекше бағалаған Президент бұл жас ұрпаққа тағылымды ой салуы тиіс деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мұнда ұрпақ сабақтастығы әке-мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл Құнанбай қажы әулетінің тектілігін көрсететін туынды. Абай шаңырағының тағылымы, ұлағатының көрінісі. 

Кейін Президент музейді аралады. Мұнда Абай есімін мәңгі ұлықтауға арналған 22 мыңнан астам жәдігер бар. Соның бірі мына фото. Сырттағы монумент осыған қарап тұрғызылған. 

Мейрамгүл Қайрамбаева, Абай музейі директорының орынбасары:  
-Қазіргі уақытта Абайдың фотобейнесі бізге екі нұсқада ғана келіп жеткен. Ол осы 1896 жылы ұлдарымен түскен суреті. Және 1903 жылы отбасымен түскен екі фотосуреті ғана бізге жетіп отыр. 

Мұражайдан шыққан Президент «Абай әлемі мен жолы» атты көрмені тамашалап, абайтанушылармен кездесті. Арасында хәкімнің ұрпағы да бар. Осы жерде Тоқаев 175 жылдықтың пандемияға тұспа-тұс келіп, түрлі шараны өткізуге қол байлау болғанын жеткізді. Бірақ атқарылған жұмыстар аз емес. Шетелдердегі қазақ елшіліктерінде Абай орталықтары ашылып, шығармалары жапон, испан, қытай секілді 10 тілге аударылды. «Abai tv» телеарнасы іске қосылып, Семей тарихи орталық ретінде белгіленді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Осындай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалды. Ол өз шығармалары арқылы ел еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты ұйыстырып, әділетті қоғам құруға үндейді. 

Біз іздеген барлық сұрақтың жауабы ақынның өлмес өлеңінде салиқалы сөзінде деді Президент. Қазақтың темірқазығына айналған ойшылдың мұрасы арқылы әрекет етсек ұлттық болмысымыз жаңғырады. Ол үшін Абай айтқан жаман қасиеттерден арылып, бес асыл ісін бойымызға сіңіруіміз керек. Жүздесу соңында Президент қазақша оқулықтардың сапасын арттырып, ана тілі мен әдебиетін балаларға тереңдетіп оқытуға тапсырма берді. Бұл ретте Абай мектептерінің тәжірибесі қолданылмақ. Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұлы ойшылды зерттеп, шығармаларын насихаттаған ғалымдардың еңбегін ескерусіз қалдырмады. Әрқайсына алғысын айтып, марапаттады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағайлы ықшам ауданындағы құрылыс жұмыстарымен де танысты. Мұнда 22 тұрғын үй салынып, 1500 пәтер пайдалануға берілген. Әлеуметтік баспаналарды иеленгендердің бірі - Шолпан Құлшыбекова. Қуанышы қойынына сыймай жүрген алтын құрсақты ана Президентті үйіне қонаққа шақырды. 

Шолпан Құлшыбекова, Семей қаласының тұрғыны:
-Биылғы жылы көпбалалы аналарға үй беріп қолдау көрсетіп жатқаныңызға рахмет айтамын. Міне қолым жетіп үй алдым. Рұқсат болса сізге көрсетуіме бола ма?

Пәтерлерді аралап көрген Президент тұрғындарды қонысымен құттықтап, көпбалалы аналармен емен-жарқын әңгімелесті. Жыл соңына дейін оларға осында тағы 100-ден астам баспана беріледі. Үкімет тарапынан мұндай қолдаудың арта беретінін айтқан мемлекет басшысы, халықты ерінбей еңбек етуге де шақырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
-Мақсатымыз балық емес қармақ беру. Қаншама бала болса да еңбек бірінші орында болу керек, еңбек болмаса табыс болмайды. Үкімет жеңілдіктерді бере береді. Әсіресе мұқтаж жандарға көпбалалы аналарға жәрдем береді. Бірақ, бірінші қатарда еңбек болуы керек.

Қарағайлы ауданында көпбейінді мәдени-спорт кешені де бой көтерген. Қаладағы ең ірі спорт орталығында 5 мың орындық арена бар. Түрлі спорт түрінен үйірмелер өтеді. Әсіресе жүзуге ерекше ден қойылған. Жаттықтырушылар Баландин секілді болашақ Олимпиада чемпиондарын дайындаймыз дейді. Кешенді аралаған Президент олардың жұмысына сәттілік тіледі.

Досжан Маратұлы

Қасым-Жомарт Тоқаев семей Абай ескерткіш

Хабарламаларға жазылу