Биылғы халық санағы екі тәсілмен жүргізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы халық санағы екі тәсілмен жүргізіледі

13.08.2021

Күзде елімізде халық санағы өтеді. Қыркүйек, қазан айларын қамтитын науқан алғаш рет екі тәсілмен жүргізіледі. Біріншісі sanaq.gov.kz сайтында сауалнама жүргізу арқылы жүзеге асады. Екінші тәсіл – дәстүрлі үй-үйді аралау әдісімен өтеді. Айта кеткейік, биыл халық санағын өткізу әлемнің 61 елінде жоспарланған. Жалпы бұл науқан не үшін керек? Дарын Сағитов тарқатады.

Онлайн тәртіптегі халық санағы қазанның ортасына дейін жүргізіледі. Яғни азаматтар өзіне және отбасы мүшелеріне арнайы сайт арқылы санақ парақтарын толтыруға мүмкіндік алады. Ал үйлерді аралау қазанға жоспарланған. Сауалнама онлайн санақтан өтпегендер арасында ғана жүргізіледі.

Нұрболат Айдапкелов, ҚР СЖРА ұлттық статистика бюросының басшысы:
Кешенді сұрақтар, барлығы - 91. Бірақ ол 91 сұрақтың барлығына азаматтар жауап бермейді. Орташа алғанда елу шақты сұраққа жауап беретін болады. 

Санақ тек қана халықтың нақты санын білумен шектелмейді. Осы арқылы мемлекеттегі экономикалық өзгерістер мен демографиялық ахуал нақтыланады. Әлеуметтік сала бағамдалады, - дейді экономистер. Ал статистикалық деректер барлық деңгейдегі бюджеттің ашық қалыптасуына ықпал етеді.

Сапарбай Жұбаев, экономист:
Бұл біздің экономикамызға да инвестиция жасауымызға да әсер ететін деректерді алып шығамыз. Мәселен қай жерде мектептер құру керек, қай жерде ауруханалар салу керек  экономикалық оңтайландыру мәселелерінде шешім қабылдауда әсер етеді.

Халық санағында 32 мыңнан астам адам уақытша жұмысқа тартылады. Оларға еңбекақы тағайындалады. Барлығы арнайы оқудан өтеді. Олар 18-ге толған, вакцина алған және планшетпен жұмыс істей алатын болуы шарт.

Нұрболат Айдапкелов, ҚР СЖРА ұлттық статистика бюросының басшысы:
Біз қыркүйек айында олармен арнайы келісімге отыратын боламыз. Жергілікті атқарушы органдар және Еңбек министрлігімен бірігіп бізге адамдарды жинақтап жатыр.  Арнайы өз-өзін қорғау құралдарымен жабдықталатын болады. Яғни маскасы болады, антисептик. Сол мәселелердің барлығын біз ескеріп отырмыз. 

Бюро басшысының айтуынша халық санағы елдегі жұмыс орындары туралы толық ақпарат береді. Бизнес үшін тұтынушыға қатысты маңызды мәліметтер де жинақталады. Әлеуметтік бағдарламаларды жоспарлау үшін бұл аса қажет. Айта кетейік, биылғы халық санағы Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері үшінші рет өткелі отыр.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу