Шымкентте коронавирустан қайтыс болғандар саны күн сайын артуда. Егер бұған дейін мәйітхана айына 60-65 мәйітті қабылдаса, қазір күніне 30-35 адамның мүрдесі жеткізіліп жатыр. Бақилық болғандардың денесі Түркістан облысындағы ауруханалардан да әкелінуде. Қазір мекеменің автотұрағы көлікке толып, алдында ұзын-сонар кезек туындаған. Сондай-ақ, қаланың қабір қазушылары да әрең үлгеріп жатқандарын айтады. Мәйттерді жерлеу рәсімі тәулік бойы тоқтаусыз жүруде. Табыт жасайтындар да тапсырыстың тым көп екенін айтып отыр. Жыл басынан бері мегаполисте коронавирустық инфекциядан 600-ден астам адам қайтыс болды. Ал соңғы бір жарым айда қалада ковидтен 300-ден астам адам көз жұмған.
Марат Тоқтасов, дәрігер-патологоанатом:Соңғы екі аптаның коронавирустан қайтыс болғандар өте көбейіп кетті. Егер бұрын бізге айына 60-70 адам әкелсе, қазір күніне 30-35 адам келіп түседі. Сонымен қатар, олардың 80 - 90 пайызы коронавирустық инфекциядан қайтыс болғандар, инсульттан немесе инфаркттан көз жұмғандардың 1-2 жағдайы кездеседі.
Бірақ қалалық денсаулық сақтау басқармасындағылар мәйітханадағы кезек туралы ақпаратты жоққа шығарып отыр. Бақытжан Позиловтың айтуынша, кей тұрғындар мәйітті тез арада алғысы келеді. Бірақ ережеге сай мәйіт ауруханада екі сағат болып, кейін сараптамаға жеткізілуі керек. Әрі бұл облыстағы жалғыз патанатомиялық бюро, деді жауапты тұлға.
Айнұр Ақбаева