Түркістан облысының Қазығұрт, Сарыағаш және Келес аудандарында 19 елді мекенге газ жетті. 22 мыңнан астам адам тұратын ауылдарға көгілдір отын "Қақпақ" және "Таскескен" автоматты газ тарату станцияларынан беріледі. "ҚазТрансГаз" АҚ мен Түркістан облысы әкімдігі бірлесе атқарған жұмыс нәтижесіне әріптесім Айнұр Ақбаева куә болды.
Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш ауданында елдімекендерді газдандыру шаралары ең қысқа мерзімде аяқталды. Ол жұмыстар мемлекет басшысының көктемдегі тапсырмасынан соң іле қолға алынған болатын. Көгілдір отынның алғашқы алауы Бағыс ауылында жағылып, мұнда енді тұрғын үйлерді газға қосу жұмыстары жүргізіледі.
Жылдар бойы пеш жағып келген Бағыс ауылының тұрғыны Тамара Әбетова енді бұл машақаттан құтылды. Бес баланың анасы елдімекенге көгілдір отын жеткізілгеніне қуанып отыр.
Тамара Әбетова, Бағыс ауылының тұрғыны:Біз көптен күттік осы күнді, қашан келеді екен деп. Сенімсіздік те болды арамызда, келмей қалады ма деп. Рахмет, келді. Қуанып жатырмыз.
Сарыағаш ауданындағы 71 елдімекеннің бүгінде 38-і газдандырылған. Ал, көршілес Келес ауданында 83 елдімекеннің 39-ы көгілдір отынға қосылған. Енді "Таскескен" автоматты газ тарату станциясын іске қосу арқылы екі аудандағы 20-ға тарта ауылға газ берілмек. Яғни, тұрғын үйлер мен нысандарды газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Мұхит Отаршиев, Сарыағаш ауданының әкімі:Ары қарай аудандық газ мекемесіне құжаттарын тапсырып, газға қосылатын болады. Әрбір азамат өзінің құжаттарын тапсыруы керек. Үйдің техпаспортын тапсыру керек, сосын техусловиесін алуы керек. Сондай мәселелерді қолға аламыз енді.
Сала мамандарының айтуынша, аймақта 834 елді мекеннің ішінде 423-і газдандырылған. Биыл елдімекендерге құбыр тарту жұмыстарына 14 млрд теңге қаражат бөлінген. Ал, 2026 жылға дейін облысты толықтай газ жүйесіне қосу үшін тағы 92 млрд теңге қаражат қарастырылмақ.
Айнұр Ақбаева