Түркістан облысындағы 3 ауыл ағын судан тарығып, мал азығын дайындай алмай қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы 3 ауыл ағын судан тарығып, мал азығын дайындай алмай қалды

10.08.2021

Түркістан облысы Келес ауданында үш елдімекеннің тұрғындары жылдар бойы ағын суға жарымай келеді. Бірлік пен Жаңа тіршілік және Қосөткел ауылдарына келетін жалғыз Саңырау каналынан үш жылдан бері су ақпай, жұрттың егістігі қурап қалған. Биыл, әсіресе, қуаңшылықтан зардап шеккен жергілікті халық малға беретін азығымызды да дайындай алмай қалдық деп зар илеп отыр.

Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны Нұрдос Тәжімұратұлы өзіне тиесілі егістік жеріне қысқа мал азығы болар деп жыл сайын дәнді дақыл егеді. Оны өсіру үшін 100-150 мың теңге қаржы жұмсайды. Алайда ағын судың жоқтығынан биыл да егістігі қурап,қу тақырға айналған.

Нұрдос Тәжімұратұлы, Жаңа тіршілік ауылының тұрғыны:
 Үш жылдан бері қайта-қайта жүгері егемін. Үміт болмаған соң малдың бәрін сатып жатырмыз. Шөп жоқ биыл, бір рет те суғара алмадым.

Дәл осындай қиындықты үш елдікменнің тұрғындары бастан өткеруде. Себебі Ошақты каналының басында су болғанымен ауылдарға келетін арықты жауып тастап, жұрт тамшы суға зәру болып қалған. Көкөніс егуді мұндағы халық ұмытқалы қашан.

Хәкім Қамбаров, Бірлік ауылының тұрғыны:
Еккен жүгері қурап кетті. Бойы бір метрге де жетпейді. Жоңышқа деген сусыз, оны орап алғанымен мал жемейді оны. Қырдың жағдайы мынау, қырда шөп жоқ.
Бердіқұл Мұртазаев Бірлік ауылының тұрғыны: 
Елге, жұртқа мынау жаны ашитын адам жоқ. Судың басшылары водхозды елге еш жаны ашитын емес. Ошақты ауыл әкімдігі тегіс су ішеді. Біз қанша айтып басшыларға түсіндіре алмадық.

Салдарынан кейбірі төрт түлігін сатып, қалаға жұмыс іздеп кетсе, енді бірі үй-жайын тастай алмай отыр. Қиындықтан әбден қажыған халық каналдың басына жиналып, биліктегілерден су беруін талап етті. Алайда аудан басшылығы судың қашан берілетінін түсіндірудің орнына, жұртты айыптай жөнелді.

Абай Жаңбырбаев, Келес ауданы әкімінің орынбасары:
Құрметті ағайындар, Ұлттық арнаны шақырған сіздер. Бірақ осы Ұлттық арнаны шақыртып, осындай ауылдың ішіндегі, екі қорғандағы әңгімені айтып отырған мен сіздерден ұялып тұрмын. Су бар, тәртіп жоқ. Істейтін азамат жоқ.

Ал, ауданның осы салаға жауапты мамандары болса Бірлік ауылына су бұған дейін де келмеген деп шорт кесті.

Қалай болғанда да жергілікті халық Саңырау каналын бетондамай, суға жарымаймыз деп отыр. Өйткені су бөлінгенімен, ол ауылға жетпей сіңіп кетеді. Сол себепті әзірге каналдың басынан суды бөлу үшін ауыл тұрғындарынан 6 адам арнайы бекітілді.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу