Елорда тұрғыны қаланың қақ ортасында құдыққа құлап, аяғын сындырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорда тұрғыны қаланың қақ ортасында құдыққа құлап, аяғын сындырды

09.08.2021

Елорда айналасы толған қауіпті ор. Инженерлік желілер жүргізілген құдыққа құлап, аяғын сындырып алған тағы бір тұрғын арнамызға арыз айта келді.Оның шағымданбаған жері жоқ. Өзінің шұңқырға түсіп кеткенін дәлелдеумен әлек боп жүр. Жалпы, бас қаланың басты қатері – осындай құдықтар. Нысаналы Ығыл тарқатады.

Абайсызда құдыққа құлап, арбаға танылған Алманың сол аяғы морт сынып, оң аяғы күп боп ісіп кеткен. 3 айдан бері жарақатымен алысқан ол, жауаптылардың жазаға тартылуы үшін де күш салып жүр. Бірақ, ол әрекетінен әзірге нәтиже шамалы.

Алма Қалиева, қала тұрғыны:
Егер сүйектерім түзу бітсе онда жолымның болғаны. Ал, қисық бітсе ақсақ болып қалуым мүмкін. Кейін тіземнен де қатер бар. Одан қалса омыртқамда да ақау болуы ғажап емес.

Алма, осы жолмен күнделікті жұмысқа жалғыз қатынайтын. Енді, қызы жанынан бір елі қалмайды. Оқыс оқиға 26 мамырда болған. Алайда, әлі күнге құдықтың айналасы қоршалмаған, қақпағы қимылдап тұр.

Зардап шегуші құдыққа жауаптыларды жаз бойы іздеді. Ақыры тапты. Бұл «АИС» атты құрылыс компаниясы. Бірақ, олар аз ақшамен құтылуды ойлапты.

Динара Қалиева, зардап шегушінің қызы:
Бізге сотта дәлелдей алмайсыңдар деп айтты. Оданда 200 мың теңге беріп сот қиындығынан қашсаңыз деген ұсынысын айтты. Егер соған келіссеңіз істі жабатынын жеткізді. Ал, мен кешіріңіз, бірақ жауаптылар толық жазасын алуы керек дедім.

Иә, аталған компанияның заңгері зардап шегушіден жазбаша хат түскенін теріске шығармады. Арыз әлі қаралып жатыр. Ал, әкімдік өкілі жағдайға тікелей жауапты сол мердігер компания және сонымен соттасу керек дейді.

Ерқанат Бексұлтанов, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы:
Келісімшартқа сәйкес тендерді ұтып алған мердігер компания. Демек, құрылыс барысынан бастап, нысанды тапсырғанша қауіпсіздігіне жауапты солар. Біз жобаны алдағы жылы қабылдап алуымыз керек.

Әділдік іздеп жүрген ананың бірі Перизат. Ол да құдыққа құлап опат болған 13 жасар жалғыз ұлына қатысты шыққан сот үкімімен келіспейді. Мұрагерінен айырылған отбасыға айыпты мекемелер 10 млн теңге беруі керек екен. Бірақ, анасы жауаптыларды лайықты түрде жазалмайынша соңына дейін күресемін деп отыр.

Перизат Чиникбаева, қала тұрғыны:
Бүгінге дейін адамдар елдің бас қаласында құлап жатса, онда басқа қалалар туралы айтудың өзі артық. Ал, коммуналдық мекемелер миығынан күліп отыра береді. Өйткені, жазаланбайтынын біледі. 

Адамдардың бірі майып болып,енді бірі көзден ғайып болып жатса да қаладағы құдықтарды мықтауға құзырлы органдар құлықсыз. Міне, дәлел. Алма, құлаған ордың өзі тұрмақ, қасындағы құдық та ойылып жатыр. 

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу