Елордада тағы бір бала ашық тұрған кәріз құдығына құлап кетті

28.05.2019

Елордада тағы бір бала құдыққа түсіп, мертіге жаздады. Қала орталығындағы ашық құдыққа 6 жастағы бала құлап кеткен. Абырой болғанда, оны көшеде кетіп бара жатқан азамат құтқарып қалды. Шаһар әкімі Бақыт Сұлтанов құдықтар мәселесін ерекше бақылауға алып, жауаптыларға күн сайын тексеріп отыруға пәрмен берген болатын. Бірақ әзірге ол істің нәтижесі қуантпайды. Себеп неде?

Қаланың қақ ортасында велосипед теуіп келе жатқан 6 жасар бала құдыққа құлап кеткен. Сөйтсе, оның қақпағы бекітілмеген екен. Баланың салмағын көтермей, бір жаққа қисайып кетіпті. Ішіндегі екінші қақпағы да ашық. Қос қақпақ та қалқан болмаған соң, бала белуардан келетін суға түскен. Абырой болғанда, Еркебұлан бүлдіршінді шұңқырдан дер кезінде алып шыққан.

Елордадағы бұл алғашқы оқиға емес. Соңғы жарты жылдың өзінде 4 оқыс жайт тіркеліп, оның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Ақпанда болған жағаұстатарлық жайт ел есінде. 13 жасар Бақдәулет есімді жоғалған баланы екі тәулік іздеп, ақыры ашық жатқан құдыққа құлап, қайтыс болғаны анықталған еді. Жарты жыл бұрын 14 жастағы Аружан да ұшты-күйлі жоғалып, өлі денесі кәріз құдығынан табылды. Қайғылы оқиға орын алған бұл құдықтардың барлығы жекеменшіктің иелігінде болғаны тергеу барысында дәлелденген. Ал мына құдықтың кімге тиесілі екенін әкімдік әлі таба алмай жатыр.

Эльвира Жүргенбаева, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- Жағдайды біз тіркеуге алдық. Оқиғаны естіген сәттен кейін 20 минут көлемінде құдық жабылды. Іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дәл қазіргі таңда қала әкімдігіне тиесілі емес екендігін ресми айта аламын. Бірақ кімге тиесілі екенін іздестіру үстіндеміз. Өйткені бұл жеке мекемеге тиесілі болуы мүмкін.

Құдықтың кімге тиесілі екені анықталған соң оның иесі жауапкершілікке тартылады. Ол үшін жапа шегуші арнайы органдарға арыз түсіру қажет. Әйтпесе, арыз-шағымсыз жазалауға ешкімнің құқы жоқ. Ал жекеменшіктен бөлек, әкімдіктің иелігіндегі құдықтар қауіпсіз деп тағы айта алмаймыз. Себебі адами фактор азаймай отыр. Темірді теңгеге айналдырғандар бала тағдырына алаңсыз.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу