Алматыда карантин режимін бұзған әншілер мен блогерлер жазалануы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда карантин режимін бұзған әншілер мен блогерлер жазалануы мүмкін

09.08.2021

Алматыда карантин режимін бұзған әншілер мен блогерлер жазалануы мүмкін. Шоу-бизнес өкілдері қонақ үй кешені аумағында өткен шараға қатысқан. Олардың арасында режиссер Ақан Сатаев, әншілер Луина мен Lido, вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Дана Есеева бар. Демалыс күні ұйымдастырылған шараның видеоларын әншілер әлеуметтік желіге жариялаған. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті компания өкілінен түсініктеме алынғанын хабарлады. Шараға қатысты материалдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін тиісті органдарға беріледі. Алматыда бір аптада осыған ұқсас 150-ге жуық дерек тіркеліп,ережені ескермегендерге айыппұл салынды.

Алматыда эпидахуал ушығып барады. Тәулігіне коронавирус жұқтырғандар саны 1500-ден азаймай тұр. Стационарларда 5 600-дей науқас ем алып жатыр. 397-сінің жағдайы ауыр. Дәрігерлер «Дельта» штамының, әсіресе, жастар арасында тез тарайтынын айтып, карантин талаптарын сақтауға шақырып отыр. Соңғы тәулікте екпенің бірінші компонентін 4 000 адам, екіншісін 5 700-ден аса тұрғын алған. Коронавирусқа қарсы вакцина салдырғандар саны 771 мың адамнан асты.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу