Ақмола облысында дауылдан зардап шеккен ауыл тұрғындарына қаржылай көмек көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында дауылдан зардап шеккен ауыл тұрғындарына қаржылай көмек көрсетіледі

09.08.2021

Жойқын желден астан-кестеңі шыққан Ақмола облысындағы Изобильный ауылында қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Елді мекенге жарық берілді. Үйлердің шатырлары жөнделіп жатыр. Жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған ауылдағы ахуалды әріптесім Ермек Елберген көріп келді.

Ермек Елберген, тілші: 
Мына баспананың шатырын дүлей дауыл түгел ұшырып әкетті. Салдарынан бұл баспана тұруға жарамсыз деп танылды. Сондықтан отбасына екі жарым миллион теңге қаржы бөлінді. Жанұя бұл ақшаға басқа баспана сатып алды.

Он шақты күн бұрын болған дүлей дауыл ауылдағы қырыққа тарта үйдің шатырын ұшып әкеткен еді. Баспанасы зақымданғандардың қатарында Қабылденовтер отбасы да бар. Үйдің шатыры бүтінделіп, терезесі ауыстырылып жатыр.

Қамарбану Қабылденова, ауыл тұрғыны: 
Отыз штуктан берді не керек. Түскендерін берді. Өзі шіріп тұрған ғой. Қалғанын өзіміз сатып алдық. Мына шиферды жаңарттық. Әйнек те алай дүлей. Әйнек те берді. Бүгін істеп жатыр.

Ауыл тұрғындарының көбі баспаналарын өздері жөндеп алды. Әкімдік құрылыс материалын тауып берген.

Галина Луговая, ауыл тұрғыны: 
Шатырдың жартысы ұшып кетті. Үйде оны жөндейтін ешкім жоқ. Әкімдікке рахмет. Шифер әкелді. Өздері жөндеп берді. Өмірі көрмеген дауыл болды ғой.

Елді мекенде жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Дегенмен бұл шешім құжат түрінде қабылданғанша Степногорск қаласының ірі кәсіпорындары қол ұшын созып, қажетті материалдармен қамтамасыз еткен.

Бірнеше күн бойы жарықсыз отырған ауылға бүгін ғана тоқ жетті. Сымдар жалғанып, электр желілері іске қосылды.

Жанат Мұқанов, «Көкшетау-энерго» серіктестігінің степногорск бөлімшесінің бас инженері: 
Ауыл ішінде жалпы ұзындығы он жеті шақырым электр желісін жаңарттық. Барлық құлаған қырықтан астам бағанды жаңадан салдық. Тіпті, құламаса да, ескіргендерін де ауыстырдық. Қазір бағандарды бекемдеу жұмысын істеп жатырмыз.

Алдағы уақытта ауыл тұрғындарына бірреттік қаржылай көмек көрсетілмек. Ол үшін құжат түгенделіп жатыр.

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу