Семейде жалған ПТР анықтама жасаған мамандар қолға түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде жалған ПТР анықтама жасаған мамандар қолға түсті

02.08.2021

Семейде полицейлер ПТР төлқұжатын қолдан жасаған екі медицина қызметкерін ұстады. Олардың бірі жалған құжатты 15 мың теңгеге сатып келген. Ақшаның бір бөлігін тапсырыс берушілердің құжаттарымен бірге Жедел медициналық жәрдем станциясы орталығындағы танысына беріп отырған. Ал ол екпе алмаған адамдардың аты-жөндерін мәліметтер базасына енгізген. Тергеу кезінде медициналық қызметкерлер 30-дан астам тұрғынға жалған ПТР төлқұжатын жасағандарын мойындаған. Алайда тәртіп сақшылары құжат жасатқандардың саны одан да көп болуы мүмкін дейді.

Сағат Мадиев, ШҚО Полиция департаментінің бастығы:
Медицина қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 385 бабы бойынша «Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» квалификацияланады. 4 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Ал, Оралда сақтандару компаниясының екі қызметкері жалған ПЦР-тест пен Ресей шекарасынан кедергісіз өту үшін Орынбор медициналық мекемесіне шақырту-анықтамасын қолдан жасап сатқан. Қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ көрші елде жұмысқа тұру үшін жалған құжаттарды сатып алған 3 азамат ұсталды. Қазір олардан ешқайда кетпеу жайлы қолхат алынды. Ұсталғандар да қылмыстық жазаға тартылады.

Мөлдір Садырғалиева, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы:
Қазіргі таңда ол азаматтың қызметіне жүгінген үш азамат анықталды. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабына сәйкес тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Олардың кінәсі дәлелденсе, 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ержан Жақып, Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу