Жапонияда төтенше жағдай мерзімі ұзартылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапонияда төтенше жағдай мерзімі ұзартылмақ

30.07.2021

Жапон үкіметі төтенше жағдай мерзімін ай соңына дейін созбақ. Ал, Израилль коронавирустың дельта штамымен күрес мақсатында жасы 60-тан асқандарға үшінші рет екпе салуды ұсынды. АҚШ округтерінің басым бөлігінде маска тағу мәселесі көтеріліп отыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Бүгін Жапония үкіметі дүйсенбіден бастап Токио мен оған көршілес үш префектурада және Осака қаласында төтенше жағдай мерзімін тамыздың 31-не дейін ұзарту жоспарын жарияламақ. Себебі, елде коронавирус жұқтыру оқиғалары қайта көбейіп барады.

Олимпиада өтіп жатқан Токиода үш күннен бері мұндай науқастардың саны артып, өткен тәулікте 3865 адамнан ковид табылған. Алдағы екі аптада олардың күндік саны 4 жарым мыңға жетеді деген болжам бар.

 Ал, Австралияның Сиднейінде миллиондаған адам қайта карантинге алынды. Қатаң локдаунның маска тағу тәрізді талаптарының орындалуын қадағалау үшін қалаға тіпті әскер кіргізілетін болды.

Гладис Бережиклян, Оңтүстік Жаңа Уэлс премьері:
Кеше кешкі сағат 20.00-ге дейін бізде 170 жұқтыру жағдайы тіркелді. Өкінішке орай, олардың кем дегенде 42 -сі осы уақытқа дейін жұқпалы болды. Біз бұл санды төмендетуге тиіспіз.

Индонезияда қазір балалар да жаппай вакциналанып жатыр. Өйткені, пандемия басталғалы мұнда коронавирустан 800-дей жеткіншек жан тәсілім еткен. Өскелең ұрпақ арасында өлім-жітімнің көбеюіне миллиондаған баланың қиын жағдайда өмір сүруі және эпидемияның соңғы кездері тым өршуі себепші.

Израиль болса, жасы 60-тан асқан азаматтарына екпенің үшінші дозасын ұсынбақ. Сондағы мақсат – қауіпті дерттің аса жұқпалы - дельта вариантының тарауын тежеу.

Нафтали Беннет, Израиль премьер-министрі:
COVID-ке қарсы күрес - бұл жаһандық іс-әрекет. Осы жолда бәріміздің бір-бірімізбен ақпарат алмасуымыз өте маңызды. Сондықтан, сіздерге Израильдің Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы сараптама комитетінің алпыс жастан асқан азаматтарға вакцинаның үшінші дозасын егуді ұсынғанын хабарлаймын. Бұл шешім айтарлықтай зерттеулер мен талдауларға, сонымен қатар, Delta нұсқасы толқынының күшеюмен күреске негізделіп отыр.

АҚШ президенті Джо Байден болса, толық вакциналанған кез-келген адамға 100 доллардан сыйақы төлеуді ұсынды. Ал, Құрама Штаттардың Ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы вирус жұқтыру оқиғаларын азайту үшін округтердің 70 пайызға жуығындағы қоғамдық жерлерде америкалықтар маска тағуы қажет деген мәлімдеме жасап отыр.))

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу